Әселхан Қалыбекова

Туындылары


АҒАЙЫНҒА АРНАУ

Ия, ағайын, жақсы-жайсан жарамды,
Сөз айтайық елге пайда орамды.
Ұлы жиын деп атапты бұл асты,
Ұлылыққа болар бәлкім жоралғы.

Міндетің көп ертеңіңе жүгірер,
Білмегенің білгендердің ығына ер.
Алатаулап басын қосты алаштың,
Асан сынды біздің абзал інілер.

Рас шығар жетті жұртқа еркіндік,
Алшаң бастық, сарай салдық, серпілдік.
Бірақ, бірақ азатттыққа жеткенше,
Шыншылдықты күншілдікпен өлтірдік.

Шыншылдық жоқ ұсақ-түйек әңгімең,
Намысты емес, табысты айтар нар кілең.
Киелі тау - Мұрынқарақ үстінде,
Шатаспайық түлкі бұлаң шарғымен.

Екпінімен тау құлатқан тас қыран,
Ерлігінің өлмейтіні басты мән.
Ұмытылмайтын ұран болған бұрқырап,
Қандай батыр шықты жердің астынан.

Міне, міне гәптің бәрі осында,
Құр мақтанып көкіректі бос ұрма.
Ұмытылмайтын елге қызмет етпесең,
Тірілердің қатарына қосылма.

Бұл Алатау бабаңыздың ұраны,
Қолда қылыш, жүрегінде Құраны.
Намысы үшін Наршолақтың үстінде,
Қызыл табан шөл асса да шыдады.

Мына біздер жұрдаймыз сол намыстан,
Жағынуға жанның бәрі данышпан.
Ергөбектің ескерткішін кім алды,
Сұрап көрген, білген бар ма Арыстан.

Көзді жұмып қарау оңай, қарын тоқ,
Қасиетті рухта да қадір жоқ.
Өзі үшін оттаған мал секілді,
Жан тыныштық масайтады мамыр боп.
Намыстансаң әрекетке көшер ең,
Қызыл шоқтай лапылдауға әзір боп.

Қанағатпен мал мен дәулет құрасаң,
Қайырыңмен бір Құдайға ұнасаң.
Өмірге екі келмесең де қайрылып,
Сені іздейтін тумас деп пе ең бір Асан.

Асан, Асан, Асанжан-ау, ардақтым,
Саған түсті ең ауырлы салмақтың.
Ақпантайлар, Темірхандар бар екен,
Қызығын көр бержақтың да, аржақтың.

Үшеуің де азаматсың көреген,
Қоңырауды күмбірлеттің көнеден.
Үшеуіңіз ошақтың үш бұтындай,
Ғажайып іс бітірдіңдер не деген.
Бұрын ешкім қолдың ұшын тигізіп,
Дәм татпаған, ішпеген де жемеген.

Төрт ғасырға тастап құтты құрықты,
Ұрпағына қайтардыңдар рухты.
Шаңырақты, керегені қисайтпай,
Жібек жіппен бекітейік уықты.

Шындық деген ащырақ қой, ащырақ,
Өзді-өзіміз жылап алсақ жақсырақ.
Жаудай қысқан жақын да бар, жат та бар,
Ойланыңдар кіммен жүрсің бас құрап.

Отты өлеңім қандарыңды қыздырар,
Қансыздарды сірестіріп мұз қылар.
Әзиздердің қадіріне жетпеген,
Кие тапппай, ие таппай қылғынар.

«Отан сүю дейді,- Нәби - иманнан»,
Қайда барсаң ұждансыздық қиралған.
Құдайын бір, Пайғмбарын хақ біліп,
Аталарым қандай мықты иланған.

Жүрек жұтқан қайсарлық тән халыққа,
Жат пиғылды бағалама, дарытпа.
Балапандар тектілігін сезінер,
Алатаулар шыға берсе жарыққа.

Шыңғысханның тұсындағы даңқты,
Қоңыраттан қандай байлық қалыпты.
Тілі мірдей, күші пілдей ер керек,
Шақпақ тастан шаң шығарар шабытты.

Қандай сұлу Қоңыраттар мекені,
Бәрі келсе тауға сыймай кетеді.
Төрт ғасырдан қарғып тұрған құрсанкөк,
Батыр үшін қазақтың жоқ бөтені.
Атқа мінген бауырларым көбейсін,
Ақылы да, жігерлі де, жетелі.
Тазарамын десең мұнда келіп тұр,
Алла нұры бәріңе де жетеді.
Ақ батаңа қолын жайып, жыр арнап,
Әселхан да бір парызын өтеді.