Әселхан Қалыбекова

Айтыс


Обылыстық айтыс

Әбдікерім:

Мерекең құтты болсын арқалы елім,
Өзіңе сағынышымды сарқа келдім.
Оралып Түркістанға тайқазаным,
Алдыңа сый табақты тарта келдім.
Қызылқұм қатар қонған қапталдасың,
Отырар Шәміл-Дүр боп сақталғасың.
Фараби Қайырхан боп тарихқа еніп,
Шәмшінің әні болып жатталғасың.
Армысың Әселханжан кемел досым,
Бастаған ақтаңкер ең өлең көшін.
Айтысқа бірге шыққан әріптесім,
Белгілі қызыл тілге бөгелмесің.
«Халықтың ақыны» деп берді атақ,
Еңбегің ел алдында еленгесін.
Оңалбектей жиенің Еңбек Ері,
Нағашыдан қалай жиен төмендесін.
Ақынсың ұшқыр ойлы мол талабы,
Ұлыдан ұлағатты жол қалады.
Екеуің де атағың құтты болсын,
Осы енді Арыстанбаб қолдағаны.
Ақындар шабытты жыр толғасын ән,
Табылып осы тойда төр қасынан.
Текті елдің тұяғы ем деп келіп тұрмын,
Түркістан түмен баптың ордасынан.

Әселхан:

Әбеке амандассаң амандастым,
Әріптес сенен артық табалмаспын.
Айтыста бірге шапқан үзеңгелес,
Адалы өзің едің замандастың.
От алып отыз баптан шығып едім,
Түркістан түмен баптан қадам бастың.
Ақыны болғаннан соң Қызылқұмның,
Шетінен ағытайын ұзын сырдың.
Нағашылы жиен боп атақ алдық,
Рахмет, дәл өзіңдей ұғынсын кім.
Оңалбек Бекалиев еңбек ері,
Қорасы қойға толып өрген еді.
Қадады алтын жұлдыз кеудесіне,
Шопанның еңбегіне сенген елі.
Халық ақыны деген үлкен атақ беріп,
Шығарды мынау айтыс төрге мені.
Мұхамметқасым Шәкеновтей басшымыз бар,
Өнерді сүйіп көңіл бөлген еді.
Қызығын ақынның да, батырдың да,
Тілектес осы отырған ел көреді.
Келгені құтты болсын Тайқазаның,
Көрмедік бұл тағдырдың қай мазағын.
Ағамыз Өзбекәлі іздемесе,
Жүр дейсің қазанды ойлап қай қазағың.
Кезінде Айтыскерлер жоқтағанбыз,
Түбіне Яссауидің тоқтағанбыз.
Киелі Тайқазанның оралуын,
Үкіметке сауал беріп қостағанбыз.
Осылай айтатын бар ретіміз,
Жеңіспен біткен сынды күресіміз.
Рухы Халқымыздың көтерілсе,
Тырнақтай біздің де бар үлесіміз.
Исламның нәр алғансыз бұлағынан,
Пендеде аз болмайды сірә күнәң.
Күнәңнан арылатын ойың бар ма?
Тәуетіп тайқазанның құлағынан.

Әбдікәрім:

Кім таласар ақындар рөліне,
Саңлау тапқан сан мыңның жүрегіне.
Үкімет те ден қойды ел уәжіне,
Шайырлардың құлақ асып тілегіне.
Тайқазанмен ырыс,бақ қоса оралды,
Шырай кіріп ел-жұрттың реңіне.
Ақындар-жаңалықтың құлағдары.
Түркістаным –исі Алаш,Тұран бағы.
Тайқазан тұғырына қонды ақыры,
Қайтарылса ғанибет Шырағданы.
Әсеке қайда бізге оң қабағың,
Қиын болды жоқ күнәні болжағаның.
Басқаның бәрі боп па ашық ауыз,
Қожа ғана білеме олжа жағын.
Арыстанбаб ақшасын бөліске сап,
Таласып жатқан жоқ па молдаларың.
Жел құздың мазағы боп Отырарың,
Қашан жөнге саласың қолда барын.
Осы ма қасиетті мекеніңнің,
Мұң-зарын ақыны боп қазағының.

Әселхан:

Әбекең әңгіме айтты асқаралы,
Түзелер бұл айтыстың қас қабағы.
Оймақтай бір сынығын Отырардың,
Жел құзға отырғам жоқ тастағалы.
Қазады археологтар жалаңаштап,
Жабатын болмаған соң басқа амалы.
Сенде тұр бір мекеме қарайласса,
Төкеев Ұлықбегің басқарады.
Бір мезгіл көмегіңді бермеймісің,
Қолыңды әлде кері сермеймісің.
Таласқан Арыстанбаб ақшасына,
Болмаса қожа – молда мен деймісің.

Мұртыңыз әдемі екен қиған мықты,
Өленің толық емес сидаң шықты.
Көз салып әулиенің теңгесіне,
Бұл жоба қандай өзі мидан шықты.
Едім деп түбім қожа есің кетіп,
Қолайлап жүрсің бе әлде имамдықты?

Әбдікәрім:

Қанша жерден қожа едің дегенменен,
Кезім жоқ биігімнен төмендеген.
Имамдықтан әл әзір дәметпеймін,
Үгітімді жүргіземін өлеңменен.
Қиғаш мұртым назарыңнан тыс қалмады,
Әзілмен әдіптедің шеберлеген.
Мұрттай ұшып,ауырсам дәл осыдан,
Көз тиді деп Әселхан сенен көрем,
Дәметпей-ақ қоя ғой Ұлықбектен,
«Ұсталықты» туды деп пе ең біліп көктен.
Жиырма жыл Ясауиді жөндеп бітпей,
Талайлар артын ашып, күліп кеткен.
Ауғанмен әр нәрсеге аңсарымыз,
Бітпейді екеуміздің дау-шарамыз.
Бабалар салып кеткен ғимаратты,
Жөндеуге жетпей жатыр қауқарымыз.
Шығарма кемшілікті өзің де естен,
Азаматқа амнаттай елім дескен.
Қасқайып тұр аты ауыспай ауданыңда,
Екі бірдей елді мекен Темір дескен.
Түсірмей ұлыларды нала күйге,
Біреуін бермейсің бе Фарабиге.
Майлықожа,Ергөбекке жараспас па?
Танылған Алашыма дара күйде.
Тақиясына кімдердің тар келеді,
Көнуі қиын бірақ қазақ иге.

Әселхан:

Безді ғой бұл Әбекең Ұлықбектен,
Заман ғой жақсылардан ырық кеткен
Кім екен ол шіркінді бастық қылып,
Жаманның қалпағындай іліп кеткен.

Деп едім әріптес деп үкілейін.
Қарықпа ұшамын деп Үкідейін,
Кетпесе тілім өтіп,көзім өтпес,
Дегенмен саудаңызды бітірейін.

Ауылға келмейді ғой кесел түзден,
Тәуір сөз күтіп отыр осы ел бізден.
Обцеводты Фараби атаймыз деп,
Келеміз үміт етіп әсерлі ізбен.
Темірге ұлылырдың атын бер деп,
Қойшыдаймыз отарын кеш өргізген.
Қолында билігі бар шенеуіктер,
Бұл жайды сұрар ма екен екеумізден.

Осы ма менен кінә тапқан жерің,
Ақын деп Әбдікәрім мақтанды елің.
Су шығарған моторың от шығарып,
Өртенді жеті жарым гектар жерің.
Орнына мұны қалай келтіресің,
Осыған жауап берші ақтан керім..

Әбдікәрім:

Досым-ең арқа сүйер жар секілді,
Қосалқы бір өнерің бар секілді.
Жеңгенің түкірігі қайын үшін,
Алуа,шекер менен бал секілді.
Түкіретін қожа,молда аз болып па,
Не қыласың әуре боп шал секілді.
Түспеспін төңкеріліп ауаныңа,
Қарасаңшы обал мен сауабына,
Cу шығарар моторым от шығарса,
Құдайдың берген ол да зауалы да.
Ақынсың інжу-маржан өлең терер,
Үлгіні алдымен жұрт сенен көрер.
Көгертсең көк шыбықты қайда қалдың,
Ауылыңда бір тал жоқ көлеңкелер.
Ел үшін жоқ болса да аянарың,
Өзіңді қу бейнеттен аямадың.
Үш сағат автобуста селкілдейсің,
Шымқаланың сағынғанда саябағын.
Аттың басын ағытқын ірке бермей,
Қайныңның қалжыңынан үрке бермей.
Жетістік те жетеді,кемістік те
Бәрі жақсы дегенге кім сенердей.
Басшыларың бір «икарус» әпермей ме,
Ауыздарын қу шөппен сүрте бермей.

Әселхан:

Шымкентке келесің деп көлеңкелеп,
Қайнымыз кеткен жоқ па көп еркелеп.
Талды да аз екпейміз жеріміз сор,
Сол сорды шаятұғын шебер керек.
Сол сордан мал да тапқан, бақ та тапқан,
Ұлыспыз ұлық Алла берер көмек.

Ұстазы Яссауидің Арыстанбап,
Атағы кеткен оның алыс самғап.
Мен саған ұстаз емес әріптеспін,
Ойың жоқ мына менен қарыс қалмақ.
Ел-жұртқа сырымызды жайып жатыр,
Өлең боп екеумізге жабысқан бақ .

Жиналдық облыстың сарайына,
Көрермен толып кетті маңайына.
Шалынсын періштенің құлағына
Мінерміз икарустың талайына,
Тыңдаған пәлен сағат тапжылмастан,
Рахмет, қолшеметшіл ағайынға.

Малаптың баласы едік қос құлындай,
Өлеңмен өнер қудық бос қыдырмай.
Біріміз біріміз ге сүйеу болдық.
Өрілген арқадағы қос бұрымдай.
Жастарға сыйластықты біз тілейік,
Әселхан,Әбдікәрім достығындай.

/p