Әселхан Қалыбекова

Айтыс


Бірінші Қазақ құрылтайындағы айтыс. (1994 ж)

Әселхан:

Сын сәтте күйін кешіп нар қасқаның,
Тағдырмен тірлік үшін арбасқанмын.
Күніне қанша бәле көрсек тағы,
Лаулады көкіректе тозбас жалын.
Басыма бодандықтың кебін киіп,
Өзімді кескіледі алдаспаным.
Ақыры желтоқсанда шыдай алмай,
Шеңгелдеп сары сақалға жармасқанмын.
Киелі топырағыңа қош келіпсің,
Қадамың құтты болсын қандастарым.

Өнердің бойлап Абаш ағыстарын,
Бұлбұлмен аспандағы жарысты әнің.
Жастардың сыйлығына ие болдың,
Баянды бола берсін табыстарың.

Ауылың Тарбағатай етегінде,
Бар еді күрең жорға жетегіңде.
Қытайдағы қазақтармен көршілес ең,
Сендерге бұйым емес шетеліңде.
Бауырлар Құрылтайға келмей отыр,
Жағдайын білмедің бе, кетеріңде.
Рұхсат етпепті ғой басшылары,
Білмейміз бұл жұмбақтың не екенін де.
Қаншама қандастарым тілін тістеп,
Бұйрығын жат елдіктің көтеруде.
Қинасын итті құдай иесімен,
Шеңгел де дүркірейді мекенінде.

Шығыста халқың бар ғой қайсар жаны,
Түседі осындайда ой салмағы.
Зілзала зардабынан зақымданған,
Ел жұрттың жайы қалай Зайсандағы.

Абаш:

Қалайша қызыл тілді қалам байлап,
Жатқанда қалам тойлап, далам тойлап.
Әруағы аталардың сақтай гөр деп,
Сахнаға шыға келдік Қабанбайлап.

Көңілден көктей ұшсын жыр кептері,
Құрылтайдың таусылмайтын құрметтері,
Арғы жақ,бергі жақты мен білмеймін,
Аманбысың Пайғамбардың үмбеттері.

Дегесін айтысымыз келіскенге,
Бұл Абаш оңайлықпен беріскен бе.
Ағайындар көшіп –қонып қайда кетпес,
Берлинге көшіп кеткен немістердей.

Жамандап бір-бірімізді ұтамыз ба,
Айналдырып жүре берсін жұрт аңызға.
Барымен базар деген қазақ едік,
Келгендерін, көңілге демеу тұтамыз да.

Біткен соң,жиналысты халық кетті,
Жеңешем мың құбылтып әніне салып кетті.
Алматылық ағайындар қалдыңыздар,
Қонақтарды бір жаққа алып кетті.

Несіне айтар сөзден жасқанамын,
Отырған соң жеңешем бастап әнін.
Сағынған қандас бауыр келер,келмес,
Бұл жерде халқы отыр Астананың.

Тарқамайтын өмір деген базар қандай,
Кеттіме әлде бізді назарға алмай.
Жеңеше қабағыңды түйе берме,
Төлегеннің әкесі Базарбайдай.

Жеңеше айтар сөзбен толғанасың,
Ей Абаш, жеңгеңнің қасында жолға аласың.
Жеңгемнің шабыты да келмей отыр,
Қарсы алдымызда Президент болмағасын.

Жеңеше айтқаныңды аңғарамын,
Ақын едің қазақ деген бар ғаламның.
«Апам да аңтаң, мен де аңтаң»- деген сөз бар,
Аз қалған жұртты көріп таң қаламын.

Құдайым айырмасын ырысыңнан,
Ақын едің көкейден жыр ұшырған.
Астанадан сәлем алып мен де келдім,
Мекендеген өр Алтай шығысымнан.

Сұрағыңа жауапты берер едім,
Айтқаныңа жеңеше елеңдедім.
Қытайдан қазақ келмей жатыр дейсіз,
Оны қойып, Шығыстан өзім де әрең келдім.

Жеңеше айтқаныңды еселедің,
Не айтсаң, қайның болып кешер едім.
Кеш келгеннің біреуі сіз емес пе,
Осы айтысқа асығып кеше келдің.

Әселхан:

Абашжан отыр екен шалқып бөтен,
Алып кеткен қонақтарды тәртіп бе екен.
Бұл қазақ білушы еді айтыс құнын,
Президенттің шәйі бұдан артық па екен.

Болсам да өлең сөздің батырындай,
Жыр қазан қалар кейде сапырылмай.
«Көпірден түйе таяқ жепт»-дейді,
Аяғын баспаған соң ақырындай.
Жеткізді Шымкентім рахмет,
Ауылда қалып едім шақырылмай.

Не шығар жеңіл сөзбен дауласқанда,
Айтысы құрылтайдың жалғасқанда.
Екеуі арзан сөзге айналды дер,
Бәрі бір сөз арнаймыз қандастарға.

Туған жер айрылғанда көрікті елден,
Дөңгелеп бастар ұшқан бөріктерден.
Жан алып, жан беріскен майдандарда,
Сай-сала, қан сасыған өліктерден.
Ақша іздеп,байлық іздеп, біздің қазақ,
Шетелге қашқан жоқты еріккеннен.

Самалы аңқылдаған сан алқабы,
Онда өскен бұтаның да, бағы артады.
Күй қылып Құрманғазы күмбірлеткен,
Еркімен кім қияды, Сарыарқаны.

Жерімнің қолқа жүрек, өкпе, бауыры,
Жарқырап жататұғын көкке сауыры.
Көргенде, көрмеген де, арман қылған,
Еркімен кім қияды, Көкшетауды.

Кербезім,кер маралдай, кермиығым,
Ұмытар оны көрген ел күйігін.
Өліспей Қабанбайлар беріспеген,
Кім қияр, Жетісудай жер биігін.

Түсіріп ортасына шаңырақты,
Айырып атасынан аңыратты.
Тасынан шертіп қалсаң бал таматын,
Кім қияр, Сауыр, Сайхан,Маңырақты.

Мерт қалап қарақұстан соғысқанды,
Ажырап перзентінен қоныс қалды.
Қазақты күресінге сырып тастап,
Құйқалы жердің бәрі орыстанды.

Білмесек орыс тілін міндей болып,
Денеміз ауыр тарттты зілдей болып.
Астында керзі етіктің ыңырандық,
Буылып шиге оралған жүндей болып.

Бұл күнде өрісім тар жерім кебір,
Ойлансаң жүйке тозар,емес темір.
Біткені рас па екен, я құдай,
Жетпіс жыл сергелдеңге салған өмір.

Атқанда алтын күздің күміс таңы,
Жақсы-ақ қой, ағайындар ұғысқаны.
Болсаң да жұдырықтай Абаш қайным,
Сайраған бір бұлбұл ең Шығыстағы.
Кәріне саясаттың іліккесін,
Тізгінің сусып кеткен уыстағы.
Тарбағатай тауларынан күн,түн асып,
Сен едің, ең көп кеткен туыстары.

Солардан елге хабар берген бар ма,
Келгендерін,ауылыңда көрген бар ма.
Жел сөзді тізе берме Абаш бекер,
Жел сөзден, сені сірә жеңген бар ма.

Абаш:

Кетуші ең,ағын судай арқырапта –ай,
Кетпеуші ең, қарсыласты қақыратпай.
Жеңеше сөздеріңіз көбейді ғой,
Сьезде жасалатын доклаттай.

Жақсымен жамандарды айырайық,
Айтар сөзлі көкейден дайындайық.
Аз сөзді алтын деген қазақ едік,
Жеңеше қысқа-қысқа қайырайық.

Жеңешем тіреп кетер тығыраққа,
Қайнысының әзіл сөзін ұғынып па.
Ел сыйлаған Әселханды мен сыйламай,
Айналайын халқым мені жын ұрып па.

Демеймін сөзден Әсел бөгеледі,
Абашқа да шымшыма сөз керек еді.
Ел алдында құтты болсын деп айтамын,
Болыпсыз биыл сіз де немерелі.

Не жетсін ұрпағыңыз жалғанғанға,
Бұл Абаш құрғақ сөзді малданған ба.
Қырық екі жасында әже болған,
Па шіркін, Әселханда арман барма.

Өлеңі өміріне қуат берген,
Ақын едің аты шулы шуақты елден.
Қазақтың сөзі қандай елімізге,
Құтты қонақ келсе,қой да егіз туады деген.

Отырмын жеңілем деп қауіп қылып,
Нөсерлейсіз бұлт болып, жауып тұрып.
Еліңе атың шыққан ақын едің,
Жіберіпсіз ағайымды тәуіп қылып.

Жіберіпсіз ағайымды тәуіп қылып,
Жүрмейміз осы сөзді қауіп қылып.
Айтысып жеңешеміз жүрген кезде,
Ағамыз елді жүрсін сауықтырып.

Жеңгемді мен сыйлаймын биігім деп,
Сарыарқада сайрандаған киігім деп.
Абашты осал деп санамаңыз,
Біз жүрміз Алтайда бұғының мүйізін жеп.

Әселхан атың мәлім бар қауымға,
Түспессің оңайлықпен алдауыма.
Шабытың шамырқанып келген кезде,
Ұқсап бір кетуші едің ақ дауылға.
Халқым-ау сүйеніш болып отыр деймін,
Абашың түсіп қалмасын ногдаунға.

Әже боп бесікті де тербетеді,
Өлеңді Әсел жеңгем селдетеді.
Әселді алақанға қондырамын,
Жеңілсемде ,жеңсем де менің нем кетеді.

Әселхан:

Ол рас әже болдым осы күнде,
Боп жатыр шілдехана есігімде.
Айбынды ел ақынын әже қылып,
Бір құйттай неме жатыр бесігінде.
Жасым, қырық екіде әже болсам,
Бар шығар маңдайымда, несібімде.

Айтыссаң үлкендермен жасқана кеп,
Аузыңнан жақсыларды тастама көп.
Толыпсың отыз жеті мүшел жасқа,
Сенің де өз басыңда бастама көп.
Қоймасам жасыңды айтып мына жұртқа,
Қу қыздар, ойлап жүрер, жас бала деп.

Ешкімге керек емес, доғал арман,
Қаға бер қанатыңды одан арман.
Жұғысып, немерелі болу саған,
Ата бол ақ сақалды домаланған.

Тәуіп боп ағаңызға ел кеп жатыр,
Дәрі жоқ, дертімізді көр деп жатыр.
Зауқы жоқ, кемпір шалға оншалықты,
Қырықтан төмен қарай емдеп жатыр.
Ағаңды тәуіп қылып отырғызып,
Жеңешең қора-қопсы, жөндеп жатыр.

Ал енді бақыт тілеп ботамызға,
Қосайық ағайынды батамызға.
Шет жайлап қиыр қонған туыстармен,
Артады санымыз бен сапамызда.

Егемен болып енді ес білгенбіз,
Құл болып жүргенді де кеш білгенбіз.
Байқасаң бірі ұзын, бірі қысқа,
Біз деген, өрттен қалған өскіндерміз.

Заманның жеттік жаңа кезеңіне,
Ойланбай ұмтыл, баурым кезегіңе.
Сарғайып сары аурудай жұртың жатыр,
Құрт түскен алмадай боп өзегіне.
Тозаққа су тамызған қарлығаштай,
Ұшады әркім енді өз еліне.
Бойында, ар –намысы дуылған,
Ер болса ,елге келмей төзеді ме.
Күшіне,өз жұртына сенген келер,
Сарабдал дүниені көрген келер.
Пәлегі,жаны таза, тегі таза,
Ананың ақ уызын емген келер.
Алыста туылса да, жерім бар деп,
Атасы ақ батасын берген келер.
Ұмытқан тілді, дінді мәңгүрт болса,
Пайда ойлап қалып қояр шерменделер.
Алшайтып төрт аяғын арғымақтың,
Елім деп, еңіреген ерлер келер.

Абаш:

Көңілін жеңешемнің кең демеймін бе,
Еркелесем жеңешеме сен демеймін бе.
Елімді сары аурумен ауырды дейсің,
Аға екем үйіңдегі емдемей ме.

Несіне айтар сөзден жасқанамын,
Құтты болсын деп жатырсың жас қадамың.
Қыз қызығады- деп Абашқа ойлай көрме,
Күйеу баласы боламын Астананың.

Өзіңдей асыл болсын жеңгелерім,
Шешемнен сізді қалай кем көремін.
Ел алдында жеңгеге еркелейді,
Біз сияқты ербеңдеген, делбелерің.

Жөн болды жеңешежан осыныңыз,
Тілегіне қайыныңыздың қосылыңыз.
Шабыттанып,шырқатып осы жерде,
Жолға түскен жүйріктей жосылыңыз.
Домаланған ата бол, деп жатырсыз,
Өзіңізге ұқсап туған, пошымымыз.

Бейкүнә, саған деген Абашың-ай,
Қара өлеңге жеңеше, данасың-ай.
Құйтырқы қайындарың қытықтаса,
Тезіңе өзің мықтап саласың-ай.
Пейілің де, денең де, кең болып тұр,
Қазағымның кең байтақ даласындай.

Жеңгені әзіл сөзбен түйрелерміз,
Өйткені біз өнерді сүйген елміз.
Жеңілмей, жеңешемнен аман қалсам,
Өнерін кейін бізде үйренерміз.

Белгілі қызыл сөзден жаңылмағы,
Шырқады айтқан сайын әнің тағы.
Қоштасар кезде таяп қалды білем,
Қуанамын жеңгемнен жаным қалды.

Көбейсін жеңеше жан ұрпағың-ай,
Беделің биік болсын жұрт алдында-ай.
Бәйгелерден жүйрігің келе берсін,
Баптаған, Бошай шалдың тұлпарындай.

Қарайтын ақын едік шамамызға,
Өлеңмен елдің көңілін табамыз ба.
Жеңгенің қытығына тиіп кетсек,
Өкпелетіп, білмеймін аламыз ба.
Дегенмен қайда жүрсең аман жүргін,
Аман жет ауылдағы ағамызға.

Әзілін қайныңның ұға аласың,
Абаштың да әр сөзін құп аласың.
Ел алдында өзіңді мойындаймын,
Беріп кет қайныңның сыбағасын.

Әселхан:

Абаш-ау мұның қалай еліккеің,
Соншама жұрт алдында желіккенің.
Жұртыңа есте қалар бір сөз айтпай,
Қылуға жаныңды олжа ,келіп пе едің.

Жиналсын енді халқым шашылғаның,
Бұйырсын өз еліңнен асыл дәмің.
Жұмылмай алақандай жайылғаннан,
Көп көрдік, көлденеңнің басынғанын.
Алатау,Қаратудың етегіне,
Жағалай қонса деймін шатырларың.
Ағалар кеңес құрып көрер болсақ,
Жеңгелер сары қымыз сапырғанын.
Астына көк байрақтың жиылмасақ,
Мұндай сәт туа бермес, жақындарым.
Бас қосып күллі қазақ біріксін деп,
Қағады ортаңызда ақын дабыл.
Бірлігін амандығын ел-жұртымның,
Жырлармын таусылғанша ақырғы әнім.

Ақынға айтылсын деп сөз берілген,
Жалықпас құлақ естіп, көз көруден.
Уақыт бітіп қалса ризамыз,
Ал халқым, қоштасамыз өздеріңмен.

Абаш:

Ақының мен емеспін жаңылатын,
Маңдайыма кез келді халық ақын.
Соңындағы тайларын сынап жатыр,
Керек қой, бізге ұғыну мағынасын.

Күнде қызық мұндай бізге табылмаған,
Сөнбесін шабытыңыз жалындаған.
Осымен қоштасайық, ал жеңеше,
Қой деп жатыр, жюри Қадыр ағам.

/p