Туындылары


ӨМІРЖАЛҒАС (әңгіме)


Ордабұзар жастағы мығым жігіттің отты жанарынан бір тамшы мөлдір жас домалап түсті. Оқшау жерде іиір өскен жиде ағашы түбінде жатқан үлкен қара тастың үстінде аяғын айқастыра отырған жігіттің көңілі қатты күйзеліп, құла түзде жападан жалғыз қалғандай күй кешті. Ішкі әлемі алақұйын. Санасын тұмшалап алған сансыз ой арқаулары өзара шатысып, түйінделіп, қапасынан босатар емес. Бейнебір шыңырау зынданға түсіп кеткендей. Түнектен сытылып шығар жол көрінбейді. Бір ойды екіншісі бұзады. Кішкене саңылаудай жарыққа қарай аласұрып ұмтыла берсе, шырмалып жатқан ой тұзақтары аяққа оралып жалп еткізеді. Сөйтіп, әлгінде ғана көрген жарық сәулесін қайта жоғалтып алады. Шеті де, шегі де жоқ әлем - тапырақ дүниеден шыға алар түрі жоқ. Бұрын-соңды дәл осылай тұйыққа тірелмеген шығар. Төңіректе жөн сілтер, көмек қолын созып, тұңғиықтан тартып алар тірі пенде және көрінбейді. Мән-мағынасыз буалдыр тұманды ойлармен арпалыса бойындағы күш-қуаты да сарқылып, дәрменсіздік таныта бастағандай. Оқта-текте әлдеқайдан әлі де болса жеңіліске бой алдырмаған ерік-жігері жасындай жарқ ете қалады. Мұндайда әлдебір тылсым құдіреттің әсерінен өн-бойына ыстық қан тарап, жарық дүниеге қарай жетелей жөнеледі. Бір сәт жаны жадырайды. Қара түнектен құтылғандай болады. Бірақ, түйдек-түйдек қорғасын бұлттар іспетті ауыр ойлар санасын тез-ақ тұмшалап тастайды. Еңсесін езіп, бел жазып тік тұруға, жан-жағына байыппен қарауға мұрша бермей қояды.
Осылай ой тұтқынында отырған жігіт зымырап өтіп жатқан уақытпен санаспады. Шын мәнінде оған екі дүние бір қадам еді. Ерте ме, кеш пе, күн бе, әлде түн бе, бәрібір-тін.
Кенет шелектеп нөсер құйды. Сатыр-сұтыр найзағай ойнады. Көзін бір нүктеден ала-алмай отырған жігіт қара жерді төпеп жатқан баданадай тамшылардың әп-сәтте-ақ ойдым-ойдым көлшіктер жасап, шолп-шолп, тырс-тырс үні мен әрекетіне назар сала қарады. Жиде ағашының әлжуаз бұтақтары мен күміс жапырақтары арасын тілгілей төгілген ауыр тамшылар жігіттің үсті-басын малмандай су етті. Денесі тоңазығандай болған соң, бойын жиып, баяу орнынан тұрды да, сілкініп-сілкініп қойды. Нөсер жауыннан төңірек буалдыр тартып тұр. Шағын саябақ ішінде өзінен басқа тірі жан жоқ. Енді ұзара бастаған көктем күні де мына тынымсыз жауыннан қашып, ұясына тығылып үлгергендей. Ымырт үйіріле бастаған. Әудем жердегі үлкен көше шамдары ғана әлсіз жарық шашады. Жігіт ары-бері бұрылмай, аяғын ілби басып тура жүрді. Қайда барарын ойлаған да жоқ. Ойлауға мұршасы да жетпейтіндей. Тіпті, ойлағысы да келмеді. Бет алды жүре берді. Тоқтаусыз жауған жаңбыр бүкіл өн-бойынан емін-еркін сорғалап, онсыз да жұқа киімін денесіне жабыстырып тастады. Жаурай бастағанын сезген жігіт қандай да бір жылылық іздеді. Жамалын сипалап жатқан анасының жұмсақ алақаны, әкесінің жылы қабағы, он жыл отасқан жарының ыстық құшағы елес бергендей болды. Бірақ бірі де жоқ... Жігіт бәрінен айырылған... Олардың жан жылуын сезінері енді неғайбыл... Қос тізесі дірілдеп, алға басқан қадамы өнбей кетті. Амалсыз тоқтап, көзін жұма басын көкке көтерді. Толассыз жаңбыр тамшылары жүзін жуды. Бір сәт тұрып, ақырын көзін ашты. Сан алуан бояу түстерімен жарқ-жұрқ еткен әдемі жазуды байқады. Ішегі шұрылдағандай болды. «Дәу де болса, мейрамхана не кафе шығар... жылынып, ауқаттанып алсам... қашан тамақ ішкенім есімде жоқ...» Әнтек-тәнтек оймен жігіт кафеге қарай бұрылды. Ішке енген соң бір уақ абдырап қалды. Әуелеп құлаққа ұрған даңғаза музыка санасын тұмшалаған ауыр ойдың бәрін әп-сәтте-ақ тым-тырақай етіп қуып шықты.
Қаракөлеңке бұрыштағы оңаша үстелге жайғасып, даяшы қызға тамақтың екі-үш түрін және бір шөлмек арақ алдыртты. Ә, дегеннен тоңазып қалған бойын ылыту үшін орташа рүмкеге ащы судан шіпілдете құйып, бір деммен тартып жіберді. Өзекке түскен жарықтық тұла бойын ду еткізіп, балқыта жөнелді. Артынша және бір рүмкені қылғытты да, араны ашылғандай алдындағы асқа апыл-ғұпыл бас қойды. Лезде екі тәрелкені босатып, үшіншісіне қасық салғанда барып, жан-жағына барлай қарауға шамасы келді. Жартылай бос кафенің әр-әр жерінде гу-гу болып отырғандар. Бір үстелді жалғыз жайлаған өзі ғана секілді. Бойы жылынып, ішіне ел қонған соң, асықпай арақ ішуге көшті.
Әулекі әуенге елтіген екеу ортаға биге шықты. Олардың қимыл-қозғалыстарынан масаң екені байқалады. Бұл екеуден көз алмай отырды. Билеп жүрген жігіт маңғаз. Баяу қозғалып, жан-жағына жиі қарайды. Ал, әдеміше келіншек болса, бар өнерін салып, біресе сығандарша кеудесін, біресе арабтарша бөксесін бүлкілдетіп мың бұралып жүр. Оны елеп, еміреніп жатқан әріптесі жоқ. «Шамасы, әр гүлге бір қонып жүрген жынды көбелек... не ақшаның буына елтіп, көзі шелденіп кеткен жетесіз неме... кіршіксіз махаббатты, ғажайып сұлулықты сатып-ақ алам дейтін.» - Жігіт әдемі келіншекті аяп кетті. – «Бейшара қыздың мына дүлейге не күні түсті екен... Өмірлік жарына мүлдем ұқсамайды... Некелі жандар өзін-өзі ұстар болар...» Жігіт бөтелкені қолына алып, түбіне үңілді. Әлі де екі-үш тартар бар сияқты. Әлгінде құлағына түрпідей тиген әуен енді жанына майдай жағып, делебесін қоздыра бастағандай. Екеуден көз алмай, отырған орнында би ырғағына қозғалақтап қояды. Кенет би әуені аяқталмай, әлгі билеп жүрген маңғаз жігіт келіншекті ортада қалдырып кете барды. Не болғанын ұқпай қалған келіншек бір сәт аңтарылып тұрды да, сыртқа қарай жүгіре басып шығып кетті. Оны елеп жатқан жан жоқ. «Бейшара қыз, ішкі дүниең әлем-тапырақ болды-ау...» «Сүймегенге сүйкенбе» деген осы дә... Нең бар еді жетесіз немеде... Өмірдің мәнін, тірліктің құнын ақшамен, мансаппен ғана өлшейтін мәңгүрттер көбейіп кетті-ау, мына жалған дүниеде... Ішкен-жегені, жүрген-тұрғаны, тіпті, аман-саламына дейін бақай есеп... Адами таза қасиеттерден алшақтап бара жатқан адамдар, жоқ... мүсәпір пенделер... санасын дүние жалмаған... Бейшара қыз, сенің де тағдырыңды ойыншыққа айналдырып отырған сол құлқынның құлдары-ау... Бірақ, сен олардын әлдеқайда биіксің... ақшаң болмаса да... Мен де солаймын» - Жігіт өз ойымен өзі болып кетті. Кешегі болған жағдай есіне қайта түсті...
... Таң азаннан есігінің алдына қара сұр шетел көлігі шаңдата кеп тоқтаған. Өміржалғас бала-шағасымен ұйқыдан енді ғана тұрған еді. Мәшине үнін есітіп терезеден қараған. Артқы есікті ашқара ашып, көліктен енесі түсіп жатты. түсе сала ептелей үйге қарай беттеді. «Жақсылық болса игі. Мына кісінің екпіні қатты ғой,» деп ойлады ол.
Артынша-ақ:
- Жатсыңдар ма, түге омалып?!. Тірлікті ойлағандар таңмен таласа далада шаруасы күйттеп жүр, - деп енесі бұрқ-бұрқ қайнап жатқан қара қазандай бұрқырап кірді.
- Апа! – деп оны екі немересі жарыса барып құшақтай алды. Келіншегі бір шетте сұстиып, ұйқылы-ояу тұр. Аз-кемнен соң, екеуі тұрған жерлерінде дауыстай сәлем берді.
- И-и-и... ботақандарым-ай!.. Қарақтарым-ай, аш-жалаңаш жатқан шығарсыңдар, түге? Міне, сендерді ойлап, ішкенім ірің, жегенім желім болған соң, әдейі алып келдім, - деп енесі немерелерінің бетінен сүйіп, қол сөмкесін ақтара бастады. Өміржалғас пен Күләйшаның сәлемін естісе де естімеген сыңай танытты. Тіпті, көзге іліп тұрған жоқ.
- Мама, не болды сонша?! Аш-жалаңаш жатқан ешкім жоқ... Таң атпай ақырзаманды төндіріп тұрсыз ғой, жүдә. – Күләйшаға шешесінің сөзі ұнамады.
- Енді... күйеубала екі айдан бері жұмыссыз жүрсе... Бақилық құда-құдағидан келіп-кетер жәрдем жоқ, екеуі де иманды болсын... Өзің де үйде отырып қалдың емес пе? – Енесі екеуіне жақтырмай қарады. – Қарайласа қояр ағайын және болмаса... Әңгіменің ашығы мені әкең жіберді. «Қызымды немерелермен қосып алып кел. Мұнан әрі ел-жұртқа қарабет болар жайым жоқ» деді.
- Сонда қалай?!. Отбасы менікі. Бұларыңыз басынғандық болар, сірә... - Өміржалғас ашудан булығып кетті. Бірақ қатты кетпей, өзін-өзі ұстауға тырысты.
- Шырағым, қалтаңда көк тиының, қораңда тышқақ лағың да жоқ. Құда марқұм, жер барып хабар бермесін, айлықты айлыққа әрең жалғап отырды. Жан дегенде жалғыз ұлына мұрагерлікке қалдырып кеткені мына ескі қара шаңырағы шығар...
- Сіз олай тіл тигізбеңіз. Менің әкем өмір бойы маңдай терін төгіп, адал еңбек еткен адам. Сіздерге ұқсап...
- Иә, онымен не айтқың келіп тұр, жалаңаяқ неме. Осы қызымыз «сүйдім-күйдім» деген соң-ақ, үндемей келдік. Ендігі жерде біздің жалғыз қызымыз жалаңбұт кедейдің қолына қарамайды. Бүгін алып кетем. Сөз бітті! - деді енесі шорт кесіп.
- Мама, біз... – Күләйша адуынды анасына бірдеме айтпақ еді, шешесі бастырмалата:
- Аялап өсірген анаңа, қамқор әкеңе қарсы шықпақпысың, қызым. Өзіңді ойламасаң да, мына шиеттей балаларды ойласаң нетті. Алда-жалда мына «махаббатың» байып кетіп жатса, көрерміз. Әзірге тез жинал. Анау-мынау әңгімеңді әкеңе айтарсың. Облыстағы білдей бір басқарманың бастығы деген аты бар. Мынадай өмірің әкеңе ұнап жүрген жоқ, - деді. Өміржалғас ендігі жерде сөз таластырудың еш мәні жоқ екенін біліп үндемеді. Сүйіп қосылған жан жары бұған жалтақ-жалтақ қарап, баяу жинала бастады. Сөйтіп, адуын ене Күләйшамен екі ұлын сүйрелей жетектеп кете барған.
Тау түкпірінде орналасқан шағын ауылдағы қарашаңырақта Өміржалғас жападан жалғыз қалды. Тастап кетейін десе, әке-шешеден қалған қарашаңырақ қаңырап қалмақ. Оның әр бөлмесінде, әр бұрышында ата-анаға деген мөлдір сағыныш тұнып тұр. Тіпті, үйге сыймаған соң, есік алдына шығып отырған еді, тағы да әкесі мен шешесінің ауладағы жүрген-тұрғаны елес берді. Өзінің тәй-тәй басқаны, «жетіге келгенше жерден таяқ жеп» талай-талай құлағаны, болмашы нәрсеге жылағаны, олардың өбектей әлпештеп жұбатқаны... бәрі-бәрі көз алдына келіп, құлағына жаңғырта естіліп тұрды. Әуліде балалық пен бозбала шақтың іздері сайрап жатты. «Жоқ, қарашаңырақты қалаға айырбастамаймын. Олай етсем, ата-анамның әруағы риза болмас. «Басқа түссе баспақшыл» деген. Пешенеге жазғаны осы шығар... Балаларым - өз кіндігім. Жат болып кете қоймас. Күләйша... Күләйша... менің жан дүниемді ұғар жалғыз адам... Ол байғұсқа да өте қиын... Тірідей ата-анасынан қалай айырылсын, қалай қарсы келсін?!. Таразының бір басында-тақыр кедейдің кейпіне түскен мен, екінші басында – бақуатты да айбатты ата-ана... Ол мені жақтағанымен, көздерін байлықтың шелі басқандар мен сияқты қарапайым пендені күйеубала деп қалай қабылдасын. Бәлкім, арланатын да болар... Иә, солай... Қалаға барып жұмыс іздеп қайтайын, босқа қарап жатқанша...» Осы шешімге тоқтаған.
Күні бойы әр мекеменің есігін қағып, түк шықпаған соң, шарасыздықтан шаршады. Енді, міне, саябақта сансырап отыра-отыра, жаңбырдан кейін есіп жиып, мына кафеге кіргені. Ойын көңіл толқытар әдемі ән бұзып жіберді. мұңлы ән әрі-сәрі отырған мұны ерекше баурап барады. Биік арланға қол создырып, қиялына қанат бітірді. Жасыған жігерім қайрады. Содан ба, Өміржалғас бойын тіктеп отырды да, жан-жағына көңілдене көз тікті. Тіпті, ортаға шығып, билегісі де келді. «Мына түріңмен жұртты шошытарсың», деді ішкі ойы. Бірақ, кафе ішінде мұнымен билер қояр жан да жоқ-ты.
Өміржалғас жүз грамды және жүгіртті. «Күләйшаның үн-түнсіз кеткені дұрыс болмады. Жұбату айтып, кешірім де сұрамады. Жақсы-жаман он жыл отастық емес пе?! - Өміржалғас және ойға берілді. – Түк болмағандай шешесіне еріп кете барды... Баяғыда Қалдар досым астанада оқып, министрлікте істейтін бір дөкейдің қызына үйленіп, артынан құда жағы оның ата-анасын менсінбей, қызын алып кеткенде «тең-теңімен, тезек-қабымен» деп қалжыңдағаным бар еді. Соным бекер болған-ау! «Күлме досқа, келер басқа» деп еді ол сонда қызарақтап. О заман есік көрген қызын әкетіп қалу-сұмдық масқара-тын. Ал, бүгінде оған жұрттың еті үйренген сияқты. «Не болды десең?», «Е, құдалар бай, бақуат екен, менсінбеді не құдалар кедей екен менсінбедік,» дегенге көшкен. Баяғыда талай шылқыған бай мен сіңірі шыққан кедейдің тату-тәтті құда-жекжат болғанын үлкендер жағы айтып отыратын-ды. Сонда бұрынғының адамдары дәстүрден аттамаған, ел ақсақалдарын тыңдап, ата салтын қадірлеген дейді олар. Соған қарағанда қазіргі адамдардың ниеті бұзылған-ау... Кейбірі дәстүр-салтыңа пысқырып та қарамайды... Құдай ақырын оңдасын!» - Өміржалғас бөтелкенің түбінде қалғанын сарқа құйды. Сосын асықпай ішіп, ой желісін үзгісі келмеді. – «Қайбір жылы шешем марқұм жер сатып әбден байыған шенеунік қызына сырға салып келген құдаларын менсінбей, қуып шыққанын айтып, «О заманда, бұ заман мұндай да сұмдық болады екен-ау!» деп екі бетін шымшылағанда «осы кісілер де қызық, не шаруасы бар екен, қайдағы біреуде?!.» дегенім де әбестік болғанына, міне, енді көзім жетіп отыр. Көпті көрген үлкендер жағы елдің елдігін ойлайды екен ғой. Жөн-жоралғыны, ұлттық сара жолды бұзатын да байлыққа шектен тыс белшеден батқандар. Ұлттық санасын дүниеқоңыздық жұтып қойғандар. «Алтын көрсе, періште жолдан таяр» деп босқа айтылмаса керек-ті... Сол нағашылар жұртында тағы бір шенеунік «мерейтойыма құдам жабулап сәйгүлік мінгізбеді» деп бұрқан-талқан ашуланып, қызын бес баласымен бірге алып кетіпті,» дегенді де есітіп едік-ау. Енді, міне, өз басым да сондай шатаққа шырмалдым... «Болары болды, бояуы сіңді» демекші, мына рүмкені аламын... сосын, бұл жарықтықтың жүзін де көрмеймін... Жаңаша өмір бастаймын. Қалайда атыма сай тірлік істеп, ел аузындағы азамат болуым керек. Құдай қолдаса, құралақап емеспін. Ақшам болмаса да, мақсатым бар. Мақсат болғанды да, арманға толы, биікке жетелер мықты мақсат. Өмір жалғаса береді, оның бел ортасында мен жүруім керек... Е, құдай, қуат бере гөр!» - Өміржалғас орнынан тік көтеріліп есікке қарай беттеді. Оны алда қиын да қызықты, қуанышы мен қайғысы қатар жүрер үлкен соқпақты өмір жолы күтіп тұр еді. Өміржалғас ештемеге мойымауға бел шешті. Мүмкін өмір сонысымен де мәнді шығар... Бұл азамат та бір ататектің ұрпағы, өмірінің жалғасы емес пе?! Ұрпақ жойылмауға тиіс...