Туындылары


МАЙДАНГЕРДІҢ ҰЛЫ (әңгіме)


«Әке махаббаты... әке мейірімі... Мен байбақ мұндай сезімдерді сезіне алмадым-ау... Сезінгім келмегендіктен емес, сезіндірер адам болмағандықтан... Қайран, әкешім!.. Маған сенің нұрлы жүзіңді көруді де Алла жазбапты ғой... Анасының құрсағында қалған шақалақтан не сұрау болмақ?!. Әке суретін әдемі де сыйқырлы бала қиялымен құрап, сол тәтті сезіммен өмір сүре берейін деп талай талпындым. Болмады. Санамда ол бейне мәңгілік сақталмады... Себебі, бұ жалғанда өзіңіздің жансыз бейнеңіз де жоқ боп шықты... Ал, шынашақтай бала үлкендер әңгімесі арқылы әке бейнесін көз алдына елестете алушы ма еді?!» Осындай ауыр да қимас ойлардан Тәңірберген біраз күннен бері арыла алмай жүр. Бүгінгі түн де көңіл тербеген шексіз ойлардың еншісінде кетіп барады.
Бала қиялында әке тұлғасы бірде анталаған жау танкілерін талқандап, темір телпек киген пәшістердің бірінен соң бірін жер жастандырған ержүрек батыр кейіпінде елес берсе, енді бірде окоптан атойлап тұрып, жауға қарсы арыстандай атылғанда оқыстан оққа ұшып, құлап бара жатқаны көз алдында келе қалады. Мұндайды кинолардан талай көрген. Ондай кезде ол әкесінің түр-тұрпаты қандай екенін біле алмай дал болады. Ержүрек тұлға сұрықсыз сұлбаға айналып, қалың тұман ішіне сіңіп кете барады. Көңіліне демеу болар жалғыз мақтанышы − пәшістерді жеңген батыр. Одан өзге ештеме ойламауға тырысты... Сосын бозбала боп бой түзеді. Азамат болып, ақыл тоқтатты. Әкенің асыл бейнесі көз алдында болмаса да, аяулы анасының сағынышқа, өксікке толы сырлы да мұңды әңгімелері арқылы оны ерекше құрмет тұтып, жүрегінде сақтап келеді. Әсіресе, заман ағымына сай орысша оқып, бүгінгі зейнеткер жасқа жеткенде Тәңірберген таң қалатын, көңілі ерекше тәнті болатын бір нәрсе бар. Ол − қазақы ұғымдағы асқар тауға баланатын әке бейнесі. Бейне болғанда да қандай қиын сәтте де арқа сүйер, медет тұтар өмірлік бағдаршам болып, сүрінгенде қайрат берер, тасынғанда сабаңа түсірер қамқор да айбынды бейне. Шамасы, әкеге табыну қазақ үшін қанмен сіңсе керек. Тәңірберген әкесін көрген жоқ. Сонда да әке туралы пайым, түсінігі әкесінен бір елі қалмай өскен баладан титтей де кем емес сияқты. Содан болса керек, әке әруағын пір тұтып, сөз келтірмеуге тырысып бақты. Құрдастарынан гөрі ерте есейді. Көбірек білуге, үйренуге ұмтылды. Оқуда да, еңбекте де, тіпті, жиын-тойларда да өзін салиқалы әрі мәдениетті ұстауға тырысты. Қай мәселеде болсын байсалды сөйлеуге, әдепті сөйлесуге дағдыланды. Ойлап тұрса, мұның бәрі әкеге деген ілтипатты құрметтен туындап жатқан екен. Оның атына кір келтірмеу өмірлік басты мақсаты болыпты.
Отызға толған туған күн кеші әлі күнге есінде жатталып қалды. Оның өзіндік себебі бар еді. Кешкілік жайылған дастархан басына Тәңірбергеннің жора-жолдастары, қызметтестері едәуір жиналды. Тіпті, шағын аулаға сыймай қалды. Бұған қуанышқа ортақтасып келгендер титтей де реніш танытпады. Ол кезде бүгінгідей мейрамхана, тойханалар көп емес, саусақпен санарлықтай. Әрі ресторан бағаларын жас маманның қалтасы көтере бермейтін. Сондықтан, кішігірім той-томалақ үй жағдайында жасалатын-ды. Әрі «барымен-базар» дейтін заманда бүгінгідей ас та төк дастархан жайылмайтын. Оған сынай қараушылар да болмайтын. Ең мағыздысы − той иесінің қуанышына ортақтаса білу еді. Орда бұзар отызды тойлау көтеріңкі көңіл-күйде өтіп жатқан. Кештетіп келген қызметтесі Саша сөз сұрап алды:
− Кешірім өтінем. Бүгін ғана Украинадан іс-сапардан оралдым. Тәңірбергенге қатысты көңілге түйген бір құпиям бар еді. Тезірек айтпасам болмас деп кеш те болса келгем... Ал мұнда куаныш тойы екен... Мұны білмедім. Құттықтаймын. Мүмкін менікі дұрыс болар, бәлкім, дұрыс болмас...
− Сашок, мәймөңкелемей, турасына көш, − деді оның қызу думанды тоқтатып қойып, байсалды сөз сөйлеп жатқанын жақтырмаған әріптесі.
− Бұл өте маңызды. Сосын мен... − деп Саша ақталғандай болды, − қысқасы, Тәңірберген Төлегенович, мен сенің әкеңнің бейітін көріп келдім. Қателесуім де мүмкін. Бірақ бейітте сенің папаңның есімі «Тулеген Кабулбаев, политрук, 1943 жылы Лапино селосы үшін ерлікпен қаза тапқан» деп жазылған. Айтпағым осы еді. − Жиналған жұрт сілтідей тынды. Бәрінің көзі Тәңірбергенде. Ол бір сәт тосын хабардан абдырап, есеңгіреп, мең-зең күйге түсті. Не дерін білмеді. Ә, дегеннен ауызына сөз де түспеді. Қонақтар өзара күбір-күбір әңгімеге көшкенде барып:
− Саша, мен үшін өте керемет те маңызды хабарың үшін рахмет!.. Ендігі қалғанын өзім міндетті түрде анықтаймын. Рахмет, досым! − деп Сашаны қатты құшып, өксіп-өксіп жылап жіберді. Көз жасы еркіне көнбеді. Бұл қуаныш пен сағыныштың көкіректе булыққан ыстық жасы еді. Достарының бірі басу айтса, бірі «сөнгені жанды деген осы. Хабар-ошарсыз дегеннен гөрі...» деп риза ниетін жеткізіп жатты.
Бұл хабардан соң, Тәңірберген тағат таппады. Санасын түрлі ойлар жаулап, тыныш ұйқыдан қалды. Жұмыс арасында әскери комиссариаттың мұрағаттарына сұраулар салып, әкесінің қашан, қайдан майданға аттанғаны мен қай әскери бөліммен соғысқа кіріп, қандай майданда, нендей жерлерде болғаны жөнінде мағлұматтар жинады. Негізгі деректер Украина даласындағы майдандарға қарай жол сілтеді. Ал, Саша айтқан Лапино селосы үшін болған қанды қырғын туралы мәлімет қолына түскенде, Тәңірбергеннің жүрегі аттай тулады. Қызыл ізшілер жіберген құжатта лейтенант, саяси жетекші Төлеген Қабылбаевтың ерлік істері баяндалыпты. Жас саяси жетекшінің Отан үшін қалай мерт болғанын егжей-тегжейлі жазған екен. Оқып отырып, көзінен мөлт-мөлт аққан жасты да аңғармады. Өйткені, қатты қобалжулы-тын. Сол күні хатты кеудесіне қысқан бойы Тәңірберген мекеме басшысына кіріп, кезекті еңбек демалысын сұраған. Сөзге келмеген басшы оның қуанышына ортақтасып, он күн емес, артығымен он бес күнге бір-ақ жіберген еді.
Туған жердің бір уыс топырағын ақ шүберекке түйіп, әкесінің ауылда қалған жалғыз қарындасын ертіп, алыс жолға шыққан. Асыққанда жол жеткізген бе?! Бір көліктен екіншісіне ауысып, жолыққан жолаушылардан жөн сұрап, әйтеуір, діттеген жерге жеткенде, жергілікті халық қайдан құлағдар болғанын кім білсін, бұларды ерекше ілтипатпен қарсы алды. Олар саяси жетекші, лейтенант Төлеген Қабылбаев бастаған жауынгерлердің Лапино селосын жаудың қанқұйлы да азапты құрсауынан азат етудегі жан түршігерлік қиян-кескі ұрыста көрсеткен ерліктерін кезек-кезек жарыса, жыр қылып айтты. Опат болған боздақтардың бейітіне алып барып, гүл шоқтарын қойды. Тәңірбергеннің көңілін ерекше толқытқан нәрсе − алыстағы украин халқының мұның әкесіне арнап, жеке ескерткіш тұрғызғаны еді. «Біздің селоны фашисттердің қанды шеңгелінен құтқаруда ерекше ерлік үлгісін көрсетіп, жанын пида еткен азаматқа деген құрметіміз шексіз. Біз оны ешқашанда ұмытпақ емеспіз. Әрбір мерекеде гүл шоқтарын қойып, үнемі тағзым етіп тұрамыз,» − деді селолық кеңестің төрағасы бұларға сөз орайында. Тәңірберген ерекше күтімдегі әке бейітіне туған жерден әкелген бір уыс топырақты салды. Көңілі қаншама тебіренсе де, ол өзін өте байыпты ұстауға тырысып бақты. Бауырының бейітін, ондағы асқақ ескерткішті көріп, көңілі босаған әпкесінің көзі жастан құрғамады.
Бұл оқиғадан кейін Тәңірбергеннің еңсесі көтеріліп, санасын жегі құрттай кемірген зілзала ойлар ыдырап, үстінен үнемі басып тұрар беймәлім бір ауыр жүк түскендей жеңілденіп қалды. Содан бері әке бейітіне жылына бір рет баруды дағдыға айналдырған. Алыстағы Лапино тұрғындары да мұны бірінен соң бірі қонақ етіп, қазақ елі туралы қызыға сұрайтын. Сөйтіп, біраз жылда Лапиноның жас баласына дейін мұны саусағымен көрсетіп, «сын героя» дейтін болды.
Қазақ халқы Тәуелсіздік алған тұста Тәңірберген де өзге жерлестері секілді егемен ел үшін аянбай еңбек етті. Уақытша қиындықтарға, қаржы тапшылығына едәуір қиналғанымен, ұнжырғасы түсіп, мойымады. «Әкем еркіндік, бостандық үшін қан төкті. Ал мен неге басыма түскен азын-аулақ ауыртпалыққа мұқалуым керек?» деп өзін-өзі қайраумен, жігерін жасытпаумен болды. Тек ... қаражат жетіспеушілігінен, мемлекетаралық шекарадағы кейбір түсініспеушіліктен әке бейітіне төрт-бес жылдай бара алмай қалды. Бертінде жағдай түзеле бәрі жөнге түсті.
Бірде мұны еліміздегі Украина елшілігі арнайы шақырды. Украин жері үшін қасық қанын қиған майдангердің ұлы ретінде төрге оздырды. Сый-сияпат жасады. Қаһарлы күндер естеліктері кездесуге арқау болды. Сөз арасында елшілік қызметкерлерінің бірі «әкеңізге туған жері қандай құрмет көрсетуде?» деп сұрап қалды. Тәңірберген кәдімгідей қысылды. Айтарға сөз таппады. Шешесі шүберекке түйіп, көздің қарашығындай сақтап жүрген майданнан келген бірнеше хат пен қаралы хабар жеткізген қара қағаздан өзге белгі қалмаған. Мектеп, оқу орындарындағы ерлік тақырыбындағы сабақтар тек Жеңіс мерекесі кезінде, онда да көзі тірі соғыс ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырылып, естеліктер айтумен ғана шектеледі. Опат болғандар жайлы жалпылай еске алып, құран бағыштап қана қояды. Тәңірберген сұраққа мән бермегендей сыңай танытып еді, әлгі қызметкер: «үлкен ескерткіш қойып, мұражай ашпаса да, жақсы бір көшенің атын берсе болады ғой,» − деп қалды. Бұл ойланып қалған.
Содан бері екі жылдың жүзі болды, қаладағы өзі тұратын Вишневая көшесінің атын әкесіне алып беру жолында жүр. Қазірге екі бума қағаз жинады. Көше тұрғындарының келісімін алып, қолдарын қойдырды. Қосымша тарихи құжаттарды әр әскери комиссариатқа, мұрағаттарға сұрау сала отырып, жауабын айлап күтті. Көшеге атын беру үшін әкімшілік қажет деген құжаттарды түгендеп болғаны сол еді, ономастикаға уақытша шектеу жарияланды.
Енді, міне, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы мерекесіне орай, сол оңтайлы шаруаның сәті түскелі тұрғандай. «Иә, сәті түскелі тұрғандай... сәті түсіп тұр деп кесіп айтуға... әй, қайдам... қайда да бюрократиялық кедергілер алдыңнан кесе-көлденеңдеп шыға келеді. Түк таппаса, көшеге тас төк, шамын жақ, ағаштар ек дегендей шарттар қойылады. Әрине, ондай тілектерді сыпайылап әрі жанамалап жеткізуде біздің биліктегілер алдына жан салмайды-ау, жан салмайды. Осындай ұстанымнан соң, тірлігіміз қалай оңсын?!. Қалталы байшікештер кешегі заманда қызыл империяның сойылын соққан әкесі мен атасына немесе қарақан басының қамы үшін бума кілті шыр айналдыра ұстап, оңды-солды шырт түкіре домаланып жүрген қойма меңгерушісі болған көкесіне қалаған көшені таңдап жүріп иеленеді. Іздеушісі жоқ танымал тұлғалар тасада қала бермек. Бірақ, ондай азаматтардың халық жүрегінен мәңгі орын алары анық. Осыны біле тұра, өткен оқиғаларды жаңғыртып, қазақ тарихындағы елі мен жері үшін болған қиян-кескі шайқастарда батырлық танытқан ержүрек ерлерге келгенде кейде пендешіліктерге барарымыз да өтірік емес...
Менің әкем де осындай алапат соғыста жауға қарсы, қасқая қарсы тұрып, тізе бүкпей, жан тапсырған көптің бірі. Ол да жоқтаушысы болмаса, тарих тереңіне батып кете бермек... Олай болмасын десем, оның ерлігін ұрпаққа үлгі ету − менің перзенттік борышым.» Тәңірберген ой жетегінде отырған орнынан тұрып кетті. Шағын пәтердің тар бөлмесінде ары-бері теңселіп біраз жүрді. Кенет бір бұрышта тұрған ақсұр телефон безілдей жөнелді. Тәңірберген тұтқаны көтерді.
− Алло, сәлеметсіз бе? Бұл Қабылбаевтардың пәтері ме?
− Иә, шырағым.
− Аға, бұл өзіңіз бе? Қалалық әкімшіліктен ғой, ономастикадан... сүйінші, аға! Әкеңіздің атына көше берілетін болды!
− Рахмет, шырағым... рахмет! − Тәңірбергеннің аузына мұнан артық сөз түспеді. Тұла бойы дірілдеп, телефон тұтқасын қояр-қоймас орындыққа отыра кетті.Шағын пәтер ішінде ерекше бір тыныштық орнаған. Тәңірберген өз жүрегінің қуанышқа толы дүрсілін өзі емін-еркін есітіп отырғандай болды. Әлден уақытта барып, «тәубе, тәубе...» деп күбірлей көз жасын сығып алды.
Сыртта шырайлы қаланың абыр-сабырға толы қым-қуат тіршілігі қайнап жатқан еді...