Жастар шығармашылығы

 Untitled Document

Нургул Беркімбай


       Беркімбай Нургул Мусалықызы 6.12.1992 жылы О.Қ.О Қазығұрт ауданы, Көкібел әкімшілігіне қарасты Қызылата елді мекенінде дүниеге келген. 1999 жылдан бастап Қызылата негізгі мектебінде 9 жыл білікті ұстаздардан білім алып, 2008 жылы Сабыр Рахимов атындағы жалпы орта мектебіне қабылданады.
       Ал 2010 жылы М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың филалогия факультетінің "қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығына түседі. Дәл қазіргі таңда осы университеттің қабырғасында білім алуда.
       Ата-анасы, ағасы, екі әпкесі, сіңлісі, жеңгесі-сүттей ұйыған, ынтымағы жарасқан отбасы.

Шығармалары


Абай

Қара өлеңді Абайымнан бастайын,
Ескен желдей баяулатып саспайын.
Азат елдің алдаспаны жастарға,
Өлмейтұғын өсиетін тастайын.

Бүгінгі жас Абайды біле ме екен?
Әлде кім деп, бетіме күле ме екен?
«Абай жолын» оқымай жүрген пенде,
«Қазақ» деген киелі атқа ие ме екен.

Қазағымның амандығын сан сұраған Абайым,
Қара сөзден дестел етіп ән құраған Абайым
Оразбайдың шоқпарынан опық жеп,
От жүрегі қан жылаған Абайым.

Бүгінгі күн бәсекелес, бірін-бірі көрмейтін,
Бәрі де мас айдақтауға ермейтін.
Болашақтың бақыт құсын таппай жүр,
Абайдай данышпан жоқ қол сермейтін.

Құйқылжытқан өнерін шартарапқа,
Өрнектерді өлеңін сап параққа.
Біздер үшін не істемеді түнделеп,
Осыларды ескеріп сол сарапқа.

Шыр айнып шырмалып шырақ таппай,
Жарым түнді жамылып ұйықтап жатпай.
Қолға қалам ұстанып өлең жазып,
Біз, жастардың парағын бір рет жаппай.



Халқыма арнау

Қара жерге қаны тамған казағым,
Аз емес-ау арқалаған азабың.
Сен жасаған ұлылықты, тірлікті,
Ақ параққа азат жыр ғып жазамын.

«Алла жазған тағдырыма көндім»-деп,
«Алаулаған жалын өшті,сөндім» деп.
Шегінбедің, шерлі жұртым біздерге,
Бұл азаттық артып отыр көп міндет.

Қара бастан қайғы кетпей зарлаған,
Қайран басың қайда қалды нар бабам.
Махамбеттің мұңы жетсе құлаққа,
Жарым түнде қалам таппай қарманам.

Жан жарасын жүрегіне жасырған,
Қайран халқым, не өтпеді басыңнан.
Отыз бірде аштық жайлап тосыңнан,
Айырылдың  талай абзал асылдан.

Содан кейін қанша уақыт болса да,
Басымызға құт-береке қонса да.
Ұмытпадық сол бір қиын кезеңді,
Көңіл қанша қуанышқа толса да.

Бүгін міне, сенің күнің дана халқым,
Болып еді сол бір кезең бізге салқын.
Көтеріп бар қайғыны,жеңдік жауды,
Басқалар білді елдің шама-шарқын.
Еңселісің,  егемен елсін бүгін,
Айтарым болашаққа бірге талпын.



Қорқамын

Қорқамын, жан сүйетін  адамымнан,
Ала ма деп ажалын қадамынан.
Қорқамын, ұшқан ұям шайқалар деп,
Өмірдің зұлым залал жаманынан.

Қорқамын өмір жынды ете ме деп,
Қайғы зар,  мұң түбіме жете ме деп.
Қорқамын жанға ғашық болмай тұрып,
Сұм жалған ерте бітіп кете ме деп.

Қорқамын, жалғыздықтан, түн-түнектен,
Қорқынышпен осылай күн-түн өткен.
Қорқамын, әлде бір жайт бола ма деп,
Қар еріп, кешіккенде ерте көктем.

Қорқамын, жүрегім жана ма деп,
Беймезгіл ғашық болып қала ма деп.
Көктемдей көркем менің көңіліме,
Сағыныш сары ұясын сала ма деп.

Өмірдің бітер емес қорқынышы,
Тұрғандай сынайын деп қол шынысы.
Әуенін бар әлемнің жайып салып,
Кеудемнің бұлқынады әнші құсы.

Қорқамын, бұйырмаудан бақыт құсы,
Қорқамын бұрылар деп менен тұсы.
Бақыт деген-өмірдің жалғыз жолы,
Жалғанның осы шығар сірә, сұсы.



Сен кеттің...

Сезім түссе жүрек шалқып нұрланады,
Жан-жүректі шыдатпай.
Ұйқымды ой ұрлап алды, ақтарылып бұлақтай,
Бұл тағдырды сұрап алдым Тәңірден.
Көрінетін жұмақтай.

Қаладық па бұл тағдырды өмірде,
Сызат қалды сезім толған көңілде.
Мәжнүн кейіп мұңдарыммен мен қалдым,
Сені таппас шексіз-шетсіз өңірде.

Мен жүрекпін-толықсыған теңіздей,
Болған едік ажыралмас егіздей.
Қайда кеттің оралмас бір сезімім,
Өтті өмірім, алыс қырдан сені іздей.

Мен - құмырсқа жерде  илеу илеген,
Алтын жаулық күміс көйлек кимеген.
Сен - қырансың көкке жайған қанатты,
Құмырсқаға мейіріммен имеген.

Қыран құс пен құмырсқа мүлде бөлек,
Түсінерсің мұңымды жыр деп ерек.
Жалынқұмар болғанмен, әнім шынар,
Мен - дегенің қанатсыз бір көбелек.

Көңілімнен көктем нұрын көрсең де,
Ғашық болса құтыла алмас әр пенде.
Құлыпталған жүрегімнің есігін,
Ашатұғын бір алтын кілт бар сенде.



Ана!

Ана, ана-періштедей анасың,
Ана,ана-әлемдегі ең дарасың.
Сәбиіңнің сырға бөлеп санасын,
Көгімізде жұлдыз болып жанасың.

Алтын, гауһар, күміс жарқыл-түк те емес,
Сен қасымда болмасаң.
Бұл ғұмырдың бар қайғысы түк те емес,
Егер мені жанымда боп қолдасаң.

Жүрек әлсіз сенде лүпіл қағысар,
Мейірлі әуен өн бойыңда тоғысар.
Сезіміңе үңіліп мен қарасам,
Түрлі ойлар түкпірімде соғысар.

Сірә, сенсің ащы уды ішетін,
Сірә, сенсің жақсы ойлар пішетін.
Сірә, сенсің  түн ұйқысын төрт бөліп,
Біздер үшін от пен суға түсетін.

Мұңлы жүзді көргенде сенің бейнеңнен,
Қан аққандай болар менің жейдемнен.
Күллі әлемнің құдіретін сезінем,
«Ана»  дейтін  жалғыз ауыз сөйлемнен.

Күн де атар нұрланып күлімдесең,
Күш аламын айналып гүлім десең.
Ақ сүтіңді ақтармын арман жырмен,
Тек жалғанда арманым-сүрінбесең.



Қазығұрт

Қысы – жылы, көктемі – нұр, жазы – құт,
Күллі әлемді тамсандырған – Қазығұрт.
Пайғамбардың ізі қалған бұл тауда,
Баурайынан бақыт тапқан бағзы жұрт.

Иншалла деп имандары жарасқан,
Ақбураға ағылды жұрт алаштан.
Доланалы сайларыңа бір түнеп,
Қазбауыр бұлт биігіңе таласқан.

Отын теріп, алау жақтым нуынан,
Талай таттым Тамшыбұлак суыңнан.
Адамзаттың ата жұрты өзіңсіз,
Күнәсі үшін жұмақтан  қуылған.

Ел алдында парызымды өтеуден,
Түренімді тыңға салып төтеннен.
Бала шақтан болашаққа бет алсам,
Сені қалай қиып тастап кетем мен.

Алмағайып бір күн туса басыңа,
Қазығұртым, киелім- ау, жасыма.
Өлең болып өрілермін бір күні,
Сан тарихтың ізі қалған тасыңа.