Жастар шығармашылығы

Untitled Document

Нұрғиса Төремұрат



Нұрғиса Төремұратов 1975 жылы туылған. Науаи Мемлекеттік Педагогикалық Институттың филология факультетін бітірген. Қазақ еліне 2001 жылы келді. Облыстық «Мүшәйра-2004» байқауының бас жүлдегері. Түркістандағы С.Ерубаевтың 90 жылдығына арналған республикалық мүшәйрада дипломант атанған. Тұрар Рысқұловтың 110 жылдығына байланысты өткен жыр додасында 2-орынды жеңіп алды. «Өнер алды - қызыл тіл» облыстық байқаудың 3-орын жүлдегері. 2005 жылы оралмандар арасында облыста «Үздік қаламгер» атанған. 2006 жылы Арал қаласында өткен «Құл болу - оңай, ал одан құтылу - қиямет» тақырыбындағы республикалық мүшәйрада 2-орын алған. 2007 жылы Баянауылда өткен жас қаламгерлердің республикалық І форумының делегаты. «Шабыт шашуы» ұжымдық жинағына өлеңдері енген. «Самала» атты жеке жыр жинағы жарыққа шыққан. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданының «Мәртөбе» газеті редакторының орынбасары.



Шығармалары


МАҢДАЙЫНДА ТӘҢІРІ

Болмысым бекзат,  білемін,                       Үмітті алға жалғадық,
Айтамын бүкпей жатқа нық.                     Тек тағдырға жүк артып.
Күнге қарап күлемін,                                  Қыран сынды самғадық,
Қазақтығыма мақтанып.                             Құзар шыға құмартып.

Өткен тарих - бір елес,                                Серігі оның ізгі арман,
Оқта, отта жаныппыз.                                  Жақсылыққа жаны ұлы.
Сойқандарға сыр бермес,                            Таңдайында сөз-маржан,
Сырттан текті халықпыз.                             Маңдайыңда тәңірі.

Өскен елміз салып ән,                                  Тасқа салам жыр мүсін,
Дархан дала иесі.                                          Ұлтын сүю - ерге сын.
Қанымызға дарыған,                                     Баянын тапсын тұрмысың,
Көкбөрінің киесі.                                          Бармақтай бақ бергесің.
                                                                        О, қазағым,
                                                                                      жұлдызың
                                                                         Күн сөнгенше сөнбесін!


ЕССІЗ ӨМІР

                                                       Адам ессіз болып туылады,
                                                              ессіз болып өмір сүреді,
                                                                          есті болып өледі.
                                                                   (Ескіден қалған сөз).


Ессіз сәттер,
         ессіз уақыт,
                 ессіз күн.
Еліктеуден,
                елітуден ескірдім.
Ессіз өмір таңбасы екен бес күннің,
Ессіздіктің қасіретін кеш білдім.

Ессіздіктен күнә жасап, у іштім,
(Есерлікпен мұрнын бұздым туыстың).
Ессіз күйде ербең-ербең елігіп,
Есімді алған ібіліспен жуыстым.

Елең-елең...
                елегізіп жатырмын.
Есендігім алды-нұрлы, арты-мұң.
Ертегінің еміренген еліне,
Еркелігін кім кешірер ақынның?

Ессіздіктен құрдым кетті...
                                 жыл, айым.
Естелікке енді мойын бұрайын.
Ессіз қылық-еншім емес ғұмырлық,
Ессіз қылып алма мені, Құдайым!

Е-е-ей-и, ессіздік...

ЖЕЛТОҚСАН  ЖІГЕРІ


Жағаладым жақсыларды жақыннан,
Жараландым жазатайым жазымнан.
Жылнамаға жылжыған ба жоқтауым,
Жиырма жылдың жанарына жазылған?!

Жұбанышым жымысқыдан жығылды,
Жеміт жүздер жоғалтыпты жырымды.
Жампоз жігіт жұдырық жеп жендеттеп,
Жіпілгенім * жапырылды,
                                            жұлынды.

Желкеледі,
Желбеңдетті желкенді.
Жәбірленген жәудіркөзім жеркенді.
Жан жылады...
Жеддідегі * жастарым,
Жықпыл-жықпыл жыраларға жерленді.

Жәдігөйлік жексұрынмен жанасты,
Жылымырлар жоғарыда жаласты...
Жаратқанның Жарлығымен жарқырап,
Жүректілік жәдікешке * жарасты.

Жақауратып, жасырмаймын жардайды,
Жәркелештер жарымайды,
                                              жанбайды.
Желтоқсандық жігерлілік жіктеліп,
Желіскер жыр жұлдықдарға жалғайды?
   ...Желтоқсанға жиырма жыл.


*Жіпілген - сарғалдақ тұқымдас гүл.
*Жедді (арабша) - желтоқсан.
*Жәдікеш - ұғымтал жан.

АҚЫНДЫҚ АРНАСЫ

Тәубемен туып аңсарып,
Тәңірден медет тіледім.
Ләззаттың жұтып кәусарын,
Өлеңмен талай түнедім.

Дүрия - ғұмыр көңілді,
Бақытты - білген шын күліп.
Параққа ғазал төгілді,
Дүнияуи дүрге ынтығып.

Ақынмен егіз кәнігі
(Бұл күнде өлең өзгерді.)
Ойланту - Алла әмірі,
Ойнату қажет сөздерді.

Жалғанға мына үздігіп,
Өмірге ақын келмек көп...
Жарқылдар мендік жүз үміт,
Қазақтың сөзін өрнектеп.

Арманға шаттық жалғап ем,
Мұңымды терең батырдым.
Ақындық деген арнамен
Ағып бір келе жатырмын.

ДОСТЫҚ ЖЫРЫ

Қайтем сені, сағыныш-ай жаралы,
Күрсінумен күндер өтіп барады.
Өмір - өзен, сан салаға ағамыз,
Достық жыры жағалауда қалады.

Жанарыма жастанады лағыл мұң,
Досқа сараң өмір саған,
                                  бағындым.
Бала күнге айналдырып жіберші,
Достарымды, жақсы әнімді сағындым.

Жасандыға көңіл шіркін толмайды,
(Үлкендерде достық сезім болмайды).
Есейгенде есік ашып күнкөріс,
Әппақ пейіл жоғалады,
                                 сол қайғы.

Айналайын, ұлым, сенде бай қылық,
Көкірегіңде мөлдір шуақ жайды үміт.
Досыңмен дос бола білу - зор бақыт,
Ал, біз болсақ қалдық достан айрылып...



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу