Жастар шығармашылығы

Untitled Document

Лаура Тастанбекова


Лаура Қалшабекқызы Тастанбекова 1988 жылы Төлеби ауданы, «8 наурыз» ауылында туылған. 2002 жылдан бастап Лаураның айтыс өнеріне бейімділігі айқындала түсті. Ол осы жылы Оңтүстік Қазақстан облысының 70 жылдығы мен Ғ.Мүсіреповтың 100 жылдығына арналған аудандық оқушылар арасында айтыс өнеріне белсене қатысқаны үшін аудандық білім бөлімі меңгерушісінің Құрмет грамотасымен марапатталды және осы жылы облыс орталығында белгілі айтыс ақыны Әбдіхалық Әбдірайымұлы /Сәбит ақын/ жетекшілік ететін «Жас ақындар мектебінің» 9-шы сыныбына қабылданды.
       «Тәуелсіздік - тұғырым» атты оқушылар арасындағы айтыста үздік өнер көрсеткені үшін «Біржан-Сара» атындағы арнайы жүлдемен марапатталды. Өзі оқитын ақындар мектебінде «Жыл жұлдыздары - 2003» жүлдесін жеңіп алды.
       Бүгінде Лаура Шымкент қаласындағы «Өнер» мектебінің 11 сыныбында оқиды. Танымал айтыскер ақын Кәрима Оралованың келешекте үлкен үміт күтіп отырған шәкірті. Тұрар Рысқұловтың 110 жылдығына арналған ғұмырнамалық поэмасының ықшамдалған нұсқасын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
  



«Дала дүлдүлі»
Тұрар Рысқұловтың 110 жылдығына арналған ғұмырнамалық поэма.

Шаттықты айту
Мүмкін емес сөзбенен.
Жетті әке қуанышқа
Көздеген.
Сол сәбидің биік тұлға боларын,
Ол күндері ешкім біліп, сезбеген.

Он тоғызыншы
Ғасыр соңы тұсында,
Мың сегіз жүз тоқсан төрттің
Қысында.
Сәби келді бұл өмірге іңгәлап,
Дүниенің басып дүлей мысын да...

Ауыл еді,
Бұзылмаған қаймағы.
Үзілмеген ынтымақтың
Айдары.
Періште үн, пәк сәбиді қызықтап,
«Ат ұстар» деп, айтар еді аймағы!

Маңдайыма
«Біткен жалғыз тұмар» деп,
«Ел-жұртына болсын балам
құмар» деп.
Перзенттерін бұрын қара жер алып,
Әке қойды бала есімін Тұрар деп.

Бесағашта
Сол күні атып шаттық таң.
Құлынына әке көңілі
Аптыққан.
Рысқұлдың шаңырағы сол күні,
Шалқығандай болып еді шаттықтан.
                           ***
Ол кезде аспан
Бұлт бүркеген күн еді.
Жұлдыз, айсыз тұмшаланған
түн еді.
Зұлымдыққа қаптап заман, теңдік жоқ,
Бай-кедейге күш көрсеткен үнемі.

Найза қылып
Намысын жауға сермеген.
Қайраты бар, тұла бойын
Кернеген.
Босағада лағы да жоқ байлаулы
Кедей еді, бұл Рысқұл «мен деген»!

Кедейліктен
Көз ашпаған қыс-жазы.
Ең болмаса, үрер ит жоқ
Тыстағы.
Мұқалта алмас, бірақ жоқтық Рысқұлды
Жоқтық түгіл, әлділердің қыспағы.

Талай рет
Жыққан тіпті таяққа.
Рықұлды болыс шіркін
Аяп па?
Жық таяққа, жанын шығар, алайда
Жығылатын жігіт емес аяққа.

Жігерлілік
Болыс-байға жаққан ба?
Жасыта алмай, басқа амал
Тапқанда.
Дауылбайдың кесірінен ағасы
Ажал құшты, арайлы бір ақ таңда.

Болыс солай
Жойды арысты өшігіп.
Шыдамдықты Рысқұл да
Өшіріп.
Шерлі кеуде шындық іздеп шыр етіп,
Бір ауылды бір күн кетті көшіріп.

Ат шалдырды
Талғар тұсқа ой тастап.
Қоныстанып ауыл кетті,
Той бастап.
Көп созылмай дүйім дүние думаны
Тағы озбырлық шыға келді ойқастап.

Аз ғана ел
Жүрек күпті боп қалған.
Той-думаны тез арада
Тоқталған.
«Кірме» деген байдың сөзі сүйекте
Көз ашпады ауыл сойыл-шоқпардан.

Бұл жақта да
Саймасай бай халыққа.
Күш көрсетіп, салық қосты
Салыққа.
Қорғансызға пана бола алмаса
Батырыңның қара басы алып па?

Осы ойы
Орындалса жоқ-ты арман:
Шыдамдылықтың шегі енді
Тоқталған.
Бара жатты Саймасаймен бірге өшіп
Тауға сіңді мылтық даусы оқталған.

Батыр болсаң
елге пайда бір іс қыл.
Саймасайды өлтірді атып
Рысқұл.
«Саймасай» көп, жалғыз болыс өлгенмен
Қайдан, момын кедейлерге ырыс-нұр?

Осы еді ғой
Зәлімдерге керегі.
Рысқұлды іздеп шабармандар
Желеді.
«Мен өлтірдім» деп алайда Рысқұл.
Абақтыны өзі іздеп келеді.

Шығарады
Тысқа біраз іңірде
Сол уақытта күнге біраз
Күбірле.
Сот біткен соң, шығып Рысқұл түрмеден
Каторгоға айдалады Сібірге.

Осы біраз арада
Шырғалаңға толы жылдар
Сарала.
Оңға толып қалған еді бұл уақытта
Бір кездегі біздің Тұрар бала да.

Саймасайдың
Құнын даулап әр қырдан.
Бәрінің де көздейтіні -
балдырған.
Өлтіре ме деген осы қауіппен
Баланы әке өз қасына алдырған.

Байқалса да
Бұрындары қастығы.
Аяды ма дәл бұл жолы
Жас мұны.
Бесағаштан алдыртқызды Тұрарды
Приходько - абақтының бастығы.

Ауып бара
Жатқандай-ақ күн сайды.
Көңілдегі алып күнді
Түн шайды.
Жас баланы алдыртса да түрмеге,
Приходько жалшы орнынан жұмсайды.

Бала емес,
Тұрар жастан өр еді.
Тағдырына сондықтан да
Көнеді.
Тірілігінен оралған соң күн сайын
Түнде бір-ақ Рысқұлды көреді.

Оқиғаны
Тізер болсаң жіппенен.
Бір жаңалық болды бір күн
Күтпеген.
Камераға орыс әкеп кіргізді,
Революция жолын әбден діттеген.

Мәнін ұқпай
Рысқұл бұл қоныстың
Тетігін де шешті екеуі
Ол істің.
Көкірегі ояу екен, көзі ашық,
Бронников деген шаруа орыстың.

Теңесек те
Тіпті алып тау атын.
Білім - нұр ғой, көрікке
жауатын.
Әріп танып, орысша оқып жас Тұрар,
Сол орыстан аша берді сауатын.

Қиял - шыңға
Қыран құстай беттеді.
Арман алыс, тез арада
жетпеді.
Бір айналған қырсық шіркін тағы да
Шыр айналып, шырмауықтай кетпеді.
                          ***
Қырсық шіркін,
Осылай айналады,
Үзілгендей үміттің
Қайран әні!
Соты бітіп, Рысқұл он жыл алып
Ит жеккен жер -- Сібірге айдалады.

Қайтер енді
арттағы шынар талды?
Байсерігі, мәңгілік
Тұмар қалды.
Қатаймаған қанаты балапандай
Жәдігері - жас бала Тұрар қалды.

Жасық емес,
Тұрар қайсар көп есі.
Каторгоға айдалғалы
Көкесі.
Жанашыры жоқ-ау сірә, жалғанда,
Тағдырының басталғандай төтесі.

Болсын мейлі
Ересек пе, ерке ме,
Тағдыр шіркін жетегіне
Ерте ме?
Сая таппаған тағдыр түгіл пендеден
Қашып шықты Тұрар бала Меркеге.

Приходько
Мырзасынан тезірек
Қашыртқызды атасы Ахат,
Өзі кеп.
Рысқұлды ол немере ағасы
«Інісінің -- Тұрар жалғыз көзі» деп.

Қайда апарар
Баланы уыстағы.
Бір әулеттің бұл да бір -
Ту ұстары.
Табыстаса қайтеді Қырғызбайға -
Меркедегі аталас туыстары.

Ой осылай
Сан-саққа қаңғырады.
Балдырғаны, бұл Тұрар
Бал құрағы
Ахат ата: «Тұлпардың тұяғы» деп
Қырғызбайға, Меркеге қалдырады.

Сөйтіп Тұрар
Он бір жасқа жетеді,
Тек білімнің болғысы кеп
жетегі.
Орыс-қазақ интернатқа Меркеде,
«Қырғызбаев» боп жазылып кетеді.

Тең біліммен
Алу мүмкін күнді иіп,
Оқи түсті Тұрар тіпті
Түн қиып.
Ала алмайсың білімге бір бас қойсаң
Өйткені, оқу-түпсіз терең, тұңғиық.

Бронников
Сауатының септігі.
Тигендейбоп, абақтыдан
Жетті үні.
Топтан озған ерен жүйрік бұл бала
Ұстазы Иван байқап жүрді бек мұны.

Бойды баурап
Білім атты баяу үн.
Тасаланып көңілдегі
Қаяу мұң.
Әп-сәтте-ақ төрт жыл деген зымырап
Интернатты бітіретін таяу күн.

Тырс еткен үн,
Естілмейді тасқынды ән.
Кабинетте ұстазды мен
Жас қыран.
Иван Владимирович Тұрарға
Куәліктер толтыруын тапсырған.

Бұл істе еш
Болмау қажет олқылық.
Сауатсыздық іске қойған
Тор құрып.
Сыртқа шығып кеткеннен соң ұстазы
Жалғыз отыр куәліктер толтырып.

Енді өзіне
Толтырылмақ келесі
«Рысқұлов деп жазыл» дейді
кеңесі.
Әкеден тек жетесіз ұл безеді.
Ал, Тұрармен мәңгі -- әке елесі.

Арпалысып,
Оймен отыр мектепте.
Бұрын бұлай заңсыз іске
Беттеп пе.
«Қырғызбаев» боп жазылса, алайда
Өмір-бақи дәл осылай кетпек пе?

Ашқандай боп
Өткен күндер есігін.
Енді ойдың бір-ақ шешті
Кесімін.
Тұрар жазып, куәлікке толтырды
«Рысқұлов» деп, әкесінің есімін.
                         ***
Басшы жаман
Болса егер өсер кім?
Іскер болса, жылжыр алға
Көші елдің.
Халық жайын қозғамақ боп Рысқұлов
Қабылдауында болды ұлы көсемнің.
Барлық жайды
Еш бүкпесіз асырмай
Қара аспанды қақ айырған
Жасындай.
Түркістан мен Қазақстан жағдайын
Жайып салды Ленинге жасырмай.

«Аққулардай
Айырылған айдыннан.
Қарлығаштай қанаттары
Қайырылған.
Белгілі ғой, патша отары кезінде
Барлық қазақ нәрлі жерден айырылған.

Бармасақ та
Мейлі сөзбен әріге,
Әулие-ата, Шымкент, Жетісу -
Бәрі де
Бай-кулактың пайдасына бұйырып,
Кедейлерге арман боп тұр әлі де.

Қандай көмек
Керектігін айта алсақ.
Сол жерлерді иесіне қайтарсақ.
Дұрыс, түзу басар ма еді сонда егер
Басып жүрген қадамдарын бай жаңсақ.

Күн шуағы,
Көк аспаннан төніп кең.
Өркениеттік қанат жайса,
Көрікпен.
Иесіне қайтарған соң сол жерді
Қаматамасыз етсек күшпен, көлікпен.

Жоғарғы оқу
Орнысыз ұл-қыз қай?
Жарқырамақ қалай ғана,
Құндыздай?!
Түркістанда жоғарғы оқу жоқ болса
Мектеп - сирек көрінетін жұлдыздай.

Жағдай солай,
Білім деген - ол тұман.
Кесіп оны көлденеңнен
Жол тұрған.
Түркістанда патша отары тұсында
Мектеп емес, тек түрмемен толтырған.
Бұл мәселе
Шешім тауып, кейіннен,
Болса жақсы, шіркін ерте
Сейілген».
Тұрар сөзін ұлы көсем Ленин
Тыңдап алып былай деді зейінмен:

--Барлық талап
Тек осылай қойылса,
Жүдеу-арық ел ертерек
Тойынса.
Жақсы болар еді-ау өзің айтқандай,
Түрме деген енді мүлдем жойылса.

Армандарға
Жетсек шіркін, аңсаған.
Бақытты боп кетер еді
Қанша адам.
Салынады жоғары оқу, мектеп те
Көп жұлдыздар көк аспанда самсаған.

Кері қарай
Небір жақсы ығысты,
Әкелеміз, сол ынтымақ
Ырысты.
Тұңғиық пен тереңіне тіл қатып,
Оятайық, дана халқым Шығысты!

Жалт берсе де
Шіркін, шындық елесі.
Көрінеді кейде бір сәт
Белесі.
Ленин тұрып қолын алды Тұрардың
«Сау тұрыңыз, кездескенше келесі».
                         ***
Шіркін, Көкше,
Қазақтың жаннаты сен!
Сол аймақта теміржол
Таратып кең.
Түрсібті салдырып Тұрар сонда
Қарлығаштай су сепкен қанатымен.
Жасықтыққа
Ешқашан таянбайды,
Ешнәрседен елі үшін
Аянбайды.
Лениннің орнына келген басшы
Рыковке бар жайды баяндайды.

Нұр еңбегін
Қалайша нөсерлетпес?
«бар күшіміз бұл жолы
Бекер кетпес.
Қазақстанда теміржол тоқтап қалған,
Әулие-ата жеріне жетер-жетпес.

Бағыттайтын,
Жаңа өмір бұрылысын,
Бар байлықтың теміржол -
Тұғыры шын.
Қаржы бөліп, қарқынды қуатпенен
Аяқтайық теміржол құрылысын!»

Еш кетпеген
Еңбегі ер ісінің.
Рыков жалғап жамауын
Жең ұшының.
Қызметте ақылды кісі еді
Бірден берді бұл іске келісімін.

Емі болса,
Жанының жарасына,
Ел қалайша сүйсінбес
Баласына?!
Теміржолы арқылы Тұара солай
Қан жүгірткен қазақтың даласына!
                      ***
Көз жүгіртсек
Өткен күнге баяндай,
Жыр сөйлемес, тарих сырға
Таянбай.
Моңғолияның ата заңын жазбаққа,
Социалистік жолға салды аянбай.
Тұрар емес,
Моңғолияға жат адам.
Ер өспей ме елі берген
Батадан.
«Қызыл батыр» деп елші боп жүргенде
Моңғолияның астанасын атаған.

Іскер болды,
Көңілі көптің толар-ды.
Ел орны, бірақ елі
Болар-ды.
РСФСР Совнаркомы қызметіне
Орынбасар болып Тұрар оралды.

Құлагердей
Жүйтки шапқан даламен.
«Батыраштар» ластап бірақ
қарамен.
1937-ші жылы
Тұтқындайды жалған айып жаламен.

Ұзақ тергеп
Шығарды сот кесімді.
Ең тағдыры бір-ақ сәтте
Шешілді.
Соқыр сенім, надандардың ісімен,
Тұрар ату жазасына кесілді.

Аңыз болып
Есімі елге тараған.
Жұрт жанына жалау болып
Жараған.
Халық үшін жанын қияр қыранды
«Өз ауылының иті үріп, талаған».

Ерте өшсе де,
Ел жадында, ер есте.
Айналса да жүзі жарқын
Елеске...
Әз есімі ғасырларға сақталып,
Рухы бізбен мәңгі бірге емес пе?!

Қарқынды ісі
Ұрпақтардың жыр-әні.
Қиял-құздан қыран ерте
Құлады.
Қойнауына құндақтайды есімін
Тарихымда тұлғаң биік тұрады!


 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу