Ақбота Бейбітбек

Туындылары


* * *

Мұңымды қайтсін менің қаңтар ұғып,
Армандарым жатса да қантарылып.
Әдемі күлудің де жолын таптым,
Көрген соң ба тірліктен сан тарығып.

Қаңтар соңы бітеді ақпанға ауып,
Көк мұз сынды көңілде жатқан қауіп.
Тайғанақтап тағдырым тұрса дайім,
Тас болудан жүрегім сақтан барып.

Мәңгі бұлай қалмаспын, өрлер ісім,
Қанат жайып ұшады кеңге құсым.
Мен көктемді күтемін бар қайғымды,
Қара жердің астына жерлеу үшін.

Бәйшешекке айналар сонда шерім,
Бүр ашады қосыла онда сенім.
Мұңның гүлге айналған сәтін көріп,
Сен де бей жай қалмас едің...
Сезем...

Өзім оқитын өлең
Маған сенің есімің ғана ұнайды
Өзгеше өмір салтым, бөтен ғұрпым,
Өзгеше мендік болмыс, бөтен күлкім.
Ешқашан кетпейтіндей жүремін де,
Ешқашан сүймегендей кетем бір күн.

Үмітім жетегінде үзіктердің,
Жан күйімді келмейді тізіп бергім.
Өкпелеуді қойғанмын пенделерге,
Өкініш жоқ, бәрі де қызық болды.

Шертілер түнге шерім, Айға назым,
Мен күткен сол биіктік қайда қазір?!
Сенгенмін елеместен тосқауылды,
Жанымның төсеп түгел жайнамазын.

Көзіңнен дәуір көшіп, ғасыр ауып,
Сезіммен осы тілсіз, осы ғаріп.
Жүрсің ғой жүрегіңе тыным іздеп,
Ең ұлы жалғыздықты тосып алып.

Білмеймін, кімге жеңіл, қиын болды?
Әйтеуір көңілсіздік үйір келді.
Қаншама қасиеттен бойыңдағы,
Өзіме алып қалдым түйір белгі.

Санамда сәулелері тұр ақылдың,
Жолында адаспағай мұратыңның.
Маған сенің есімің ғана ұнайды,
Есімі болғаннан соң бір ақынның.
Шын ақынның!
Сен қайда жүрдің?
Көп қызықтың ысырып тысқа бәрін,
Лебізіңе шөлдеген тұста жаным.
Тіл ұшымда күрмеліп сөзім небір,
Уысымда қалмады ұстағаным.

Мен қайда жүрдім?
Тағдыр тағы төбеңнен жай түсіріп,
Жұбатуға жарымай сай кісілік.
Мезгілдерді өткердік текке қалай,
Бізді ақтап алады қай түсінік?

Сен қайда жүрдің?
Бұрымымдай кесілген шақта бағым.
Мен қайда жүрдім?
Тіршіліктің кезгенде «Ақтабанын»…

Біз қайда жүрдік?
Бірге бармай, киноға, ән кешіне,
Кепіл қайсы сезімнің сөнбесіне?
Нөміріңе қоңырау шалғым келген,
Соңы түспей тұрғаны жөнді есіме.
Қоңырау шаларсың өзің…