Мұрат Бекей

Шығармашылығы


       «Мұқағалидың миында қазақтың ұлттық рухының коды бар» деп жазыпты талантты жазушы-публицист, марқұм Марат Қабанбай. Ақын жырларына бір бас қойған адамның оның кітаптарын іздеп жүріп оқитыны, баға жетпес асылындай қастерлеп, өмірлік серік ететіні де содан болса керек. Ұрпақ миындағы, санасындағы ұлттық рухты «Ана тілімізді қастерлейік», «Оян, қазақ», «Ұлттық рухты сергек етейік» деген тәрізді жалаң ұран, насихат, дидактикалық сөз саптау тәсілімен оята алмайсың. Ал, Мұқағали жырымен сырласқан адам, сөз сиқырына арбалып, өзінің қазақ екеніне мақтанумен бірге, ұлттық құндылықтарымыздың иіріміне одан әрі бойлай түседі.

       Ойқырыңа мың сәлем мен көрмеген,
       Шөлдер менен тауларға, көлдерменен.
       Құмда отырған қойшының қараша үйін,
       Қайсы бір сарайлардан кем көрмеп ем.
       Жетім қалған қозыға жем берген ем,
       Жетіліп, жетісіп ем сендерменен,
       Кешір менің жанымды емделмеген.

       Бұл ақынның «Халыққа хат» атты өлеңінің бір шумағы. Осы қатарларды әр оқыған сайын, ауылда туып өскен кез келген қазақ баласы, өзінің жастық дәуреніне қиялмен сапар шегері анық. Өмірдің сол бір қимас кезеңі жайлы дастанға татырлық шумақ. Бастапқы екі қатарда қазақтық кең даласына деген сағынышы жатыр. Бұл жерде «сағыныш» деген ұғымның ауқымы, біздің жүрегіміздегі осындай сезіммен салыстырғанда әлдеқайда кең және қуатты сияқты. «Ой-қырыңа мың сәлем мен көрмеген». Қараңызшы, ақын өзі өскен аймақ туралы ғана айтумен шектелмепті. Оның ақын жүрегі Қарасазға қоса кең байтақ Қазақстанның өзі аралап үлгермеген, өзге өңірлерін тұтас қамтып тұр. Жарық дүние-ай!

       Жарығың неткен жақсы еді!
       Жаңылыспаппын,
       Жарым деп айтсам нақ сені.
       Құшаққа сыйсаң,
       Құшырым қанып өбер ем,
       Құшақтап тұрып өлер ем.

       Ақынның жерге, елге арнаған жырла- рынан жарық дүниеге, яғни өмірге деген құштарлықтан кем соқпайтын осындай ұлы махаббатты көреміз. Оның «Атырау-Алтай» атты поэмасы да шынайы махаббат- тан, іңкәрліктен туған. Ол бүкіл қазақ жерін құшағына алып, құшырлана өпкісі келеді. Бұл мүмкін емес, әрине. Өзі айтқандай «Бір өмір дүниенің құшпас бәрін». Әңгіме елін, жерін дәл осылай сағына білуде және сол сағынышты өлең жолдарына өре білуде. «Құмда отырған қойшының қараша үйі». Бұл әрбір қазақ баласы үшін етене таныс әрі ерекше қымбат, қимас сурет. Керек десеңіз, бұл біздің ұлттық құндылығымыз. «Қараша үй» деген ұғымға қазақ дейтін халықтың бүкіл ұлттық білім мен болмысы, салт-санасы, өмірлік пәлсапасы, тарихи рухани тамырлары сыйып кетеді. «Қайран да менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деген қазақтың ұлттық бет-бейнесін сәулетті хан сарайларынан емес, осынау қараша үйден табасыз. Мұқағалидың оны «қайсы бір сарайлардан кем көрмеп ем» дейтіні содан. «Жетім қалған қозыға жем берген ем». Мұнда нағыз қазақтың иісі аңқып тұр. «Жетім көрсе жебей жүрген», «Жесірін қаңғытпаған» мейірім мен қайырымға бай қонақжай қазақ жер аударылып келген қанша өзге ұлттың да баласын бауырына тартып, жатырқамай жағдайын жасады емес пе? Осы қатарды оқығанда, қошақанымен ойнаған қазақтың қара домалақ сәбиі көз алдыңызға елестеп, жаныңыз бір рахат сезімге бөленеді. Өзіңіздің балалық бал дәуреніңізге қайта оралғандай күй кешесіз. Жетіліп, жетісіп ем сендерменен, Кешір менің жанымды, емделмеген! Ақын қағынан безген құландай, туған топырақтың қасиетін ұға алмай, ұлтының рухани құндылықтарынан алыстап, тілі шұбарланған, санасы мұнарланған ұрпақтың аянышты тағдыры үшін өзін жауапты санайды. Халық басына түскен ауыртпалық ең алдымен ақынның жүрегіне салмақ түсіреді. Оның сезімтал жүрегі сұмдықты алыстан сезеді.

       Қыздарды көрсем бір түрлі,
       Өзімнен өзім мұңданам.
       Тиям да бейқам күлкімді,
       Өзімнен-өзім сыр бағам.
       Қымбат-ау, қыздың ар-мұңы,
       Қиын-ау, қиын, тым қиын.
       Не болар екен тағдыры?!
       Үйіріліп соқса бір құйын.
       Тоймайды көзім жүз көрсем,
       Жайқалған менің гүлдерім!
       Тоң тұрып жерге, күз келсе,
       Не болар екен күндерің?!
       Түрткілеп күдік жанымды,
       Кетеді жүрек дыз етіп...
       Әзірге жасыл бағымды,
       Отырмын, міне, күзетіп.

       Ақынды қазақ халқының гүлге теңеп аялаған қыздарының алмағайып тағдыры ойландырады, күдіктендіреді. Не деген көрегендік! Бүгінгі жезөкшеліктің желкенін жел керген заманда ақынның көзі тірі болса, қандай хәлге түсер еді?! Қылышымды суырып қынабынан, Қыл қапқан жүзін көріп, жыладым-ау... Жетімдердің кегі мен жесірлердің, Суарып ем суалған бұлағынан. Қайрап едім зауалдың шарығына, Қақтап едім қан майдан жалынына. Қынабына оны да жасырдым мен, Керек болып жүрер деп халықыма. Бұл шумақтар Мұқағалидың Бауыржан Момышұлына арнаған өлеңі. Арнау өлеңді біреулер «ода» деп түсінеді. Өлең арналатын адамның бойындағы қасиеттерін әсірелей жырлау деп түсінеді. Бұл қате пікір. Мына өлеңде сондай нәрсе бар ма? Ақын батыр ағасына шағынып тұр ғой. «Қазағым» деп көкірек кере айта алмаған, «Елім» деп еңірей алмаған, қазағын қаңсыратқан, санасын саңсыратқан, мәңгүртке айналдырғысы келген жауына семсер боп сілтене алмай, қылышының жүзін қан қапқан шарасыздығына шағынып тұр. Батыр Бауыржанның да басындағы тағдыр да дәл осындай. Мұқағали жа- зушылар одағынан шығарылған кезде, сол жиында залда отырған Бауыржан ағасына: «Мәскеуді фашист құзғындардың тырнағынан аман алып қалғанда, мен сияқты ініңізді мына иттердің тырнағынан арашалап қала алмадыңыз-ау!»,-депті. «Қалқам-ау, ол кезде артымда қалың қолым бар еді. Бүгінде жалғыз қалған батырдың қолынан не келеді?»-деген екен сонда Баукең. Баукең Мәскеуді қорғағанымен, Панфиловтың даңқты 8-гвардиялық дивизиясын басқарғанымен, Суворов атындағы әскери академияда дәріс оқып, қаншама болашақ генералдарды тәрбиелегенімен оған Батыр атағын берді ме, шен атағын берді ме? Бодан елдің баласын кім «батырым» деп аяласын?! Содан ғой Мұқағали:

       Мықтымын ғой, дегенмен,
       Қорғасындай бір салмақ кетер емес денемнен,
       Басады кеп төбемнен.
       Қош айтысып өлеңмен,
       Терезеге төнем де Алатауды көрем мен,
       Басы қарға бөленген.
       ... Мықтымын ғой тегінде!
       Қорқытарлық өлім бе, оранарым кебін бе?!
       Түкірдім мен оларға!
       Ей, жүрегім, жеңілме.

       Ішкі жан дүниесінің күйзелісі, нәтижесіз күрес қажытқанда ақын Алатауына, баба- тауына қарайды.
       Қарайды да, ойына нәр, бойына қуат алады.
       «Сүрініп кетсең, қарғып тұр, қайта даярлан, кедергілерден екінші рет қарғуға» деп жазғанындай, ал өзін:

       «Өлі балық жолығар өлмегенге!»
       Өлмегенге не жетсін өлмегенге!
       Қайтер едік өмірге келмегенде?!
       Көнеміз де... Қайтеміз көнбегенде?...- деп жұбатады. Дегенмен, ақынның ел, жер тағдырына алаң көңілі тыным бермей, қаламына қайта жармасады. Бүгінде ұлттық құндылықтарымыздың тұнығы ауылда ғана қалды ғой. Ал, ауылдың жағдайы... Жұмыс іздеп қалаға жөңкілген жұрт, қалған жасты өз діни ағымына ілестірем деп жалаңдаған мысық-пиғыл миссионерлер. Мәдениетінің мәні қашып, ұлттық рухының арқауы бо- сай бастаған қауым. Әрине, бұл бүгінгі таңдағы жағдай. Дегенмен, бұл жағдай сол кезеңдерден бастау алады емес пе?

       Сен де кеттің,
       Мен де кеттім,
       Ол да кетті ауылдан.
       Осынымыз ұят болды-ау,
       Ұят болды-ау қауымнан.
       Ұят болды-ау, бауырлар!
       ...Момын елдің, Арқа сүйер,
       Азаматы біз едік,
       Жеке-жеке бақыт іздеп,
       Жеке өмір түзедік.
       Жетер енді!
       Туған жердің топырағына тізе бүк!

       «Туған жердің топырағына тізе бүк» демекші, бүгінде дінімізге қайта бет бұрдық, имандылықты мұрат еттік деп қуанып жүрсек, кейбір ислам атын жамылған теріс ағымдардың уағызына бас ұрған жастарымыз «Аллахқа (олар солай атайды) серік қосу» деп, соқыр сенімнің құлына айналыпты.

       Я, Аллам!
       Жаратушы жалғыз ием,
       Медет бер, жапандағы жалғыз үй ем.
       Хал сұрар, жәй түсінер бір пенде жоқ,
       Жүрек жүн, ойым опат, жанды жүйем.
       Я, Алла! Я, Атамның аруағы!
       Ақырын соқтыра гөр жақсылыққа,
       Сақтай гөр, соғындырма жат қылыққа!- деп жырлаған Мұқағалидың да сол жанының шырылын естімегеніміз ғой?! Қасиетті хадистердегі «Отанды сүю- - имандылықтан» деген сөз рас болса, жастарымызды кері бағытқа үндеген сұмпайы секталарды ортамызға сұғындыруымызға не жорық?! Мұқағалидың «Үш бақытым» атты өлеңі бар. Әр шумағы «Ең бірінші бақытым- халқым менің»,
       «Ал, екінші бақытым- тілім менің»,
       «Бақытым бар үшінші-Отан деген», деп басталатын осы өлеңді көптеген мектеп оқушылары жатқа біледі. Әр азаматтың жүрегінде осы үш бақыты ұштасқанда, Отанның да керегесі берік, шаңырағы биік болып, түтіні түзу ұшпақ. Мұқағали өмір сүрген заманда осы үш бақыты басында, төрт құбыласы түгел болғанда, бұл өлең жазылмас та еді, бәлкім. Сондықтан да, қайран ақын мынадай жыр жазды:
       Ах, далам, айхай далам, сағым далам,
       Бір бұдыр жоқ-ау көзге шалынбаған. Аспан құлап кетсе де тарынбаған, Бір ғаламат бойыңда сабыр бар-ау.
       Ах, далам, айхай далам, сағым далам!
       Вулканын тұншықтырып, дамылдаған.
       Сабырдың да шегі бар, төзімнің де таусылатын кезі бар. Біз өз мүддемізге келгенде, Мұқағалиша «Жапалақ емеспін мен жалбақтаған, қыранмын екі көзі қан қаптаған» деп қасқая қарап тұруға тиіспіз. Өйткені біз, «болашағы жарқын, таңдаған жолы нұрлы, бәсекеге қабілетті, әлемдік өркениетте дамыған елдермен иық теңестіре алатын Мәңгілік Елдің» ұрпағымыз.

Мұрат БЕКЕЙ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі, ақын.