Бегалиев Нармахан

Туындылары


Жусанның жасыл жұпары

Жусанның жасыл жұпары көкірек кернеген,
Оңтүстік түні –– көк аспан шып-шып терлеген.
Бұйра белдермен бүлкілдеп алыс ағады,
Арманды жолдар сағыныш зергер зерлеген.

Ағады алыс арманды жолдар аңсатқан,
Сынығы күннің–– бағанадағы моншақтар.
Жапырақтардан судырлап түсіп тыныштық,Тәтті ұйқыны аңсап,
Теңселеді әзер, шаршап тал.

Күміс сәуледен кірпігіме келіп сүйенген,
Таңдантып жұртты тамаша түйін түйер ме ем?!
Көк пойыздағы жолаушылардай көп жұлдыз,
Арыстың ерке толқындарына тиелген.

Ұйқысыз бұлақ тарқатып бұрым тереңнен,
Жастықтай көшіп барады ақ бұлт төбемнен...
Екеуміз алғаш қыдырған түндей сәт мынау,
Осыны ғана айтайын саған деп ем мен.