Гүлдәрия Әшірбаева

Туындылары


ШИНЕЛ
(Әңгіме)


       Қақаған қыс. Айнала аппақ қар. Адым аттасаң, шықыр-шықыр, сықыр-сықыр етеді. Қалың қар жамылып, мүлгіген орманның сиқын ызғыған снарядтар қашырып тұр. Әр жер-әр жерден тамырымен опырылған ағаштар, немесе бомба тиіп сынған шыршалар қарауытады.
       Москва маңы. Кешеден бері пәшистер мен қызыл әскерлер бірін-бірі ит пен мысықтай аңдысып, өліспей беріспейтін шайқас үстінде.
       − Қатардағы жауынгер Егембаев Әбдірамбай, штабқа! – деген кезекші жауынгердің бұйрығын естіген соң, траншеямен бұқпантайлап, штабты бетке алды.
       «Не болып қалды?»
       Шинеліне сүрініп-қабынып жеткен оны, штаб командирі жайдары қарсы алды.
       Шекесіне қолын апара берген еді:
       − Как дело? − деді күлімсіреп.
       − Қа-ра-шо.
       − Тогда поехали.
       «Куда?» деуге шамасы келмеді, штаб командирі траншея арқылы, әудем жердегі талдардың тасасында тұрған мәшинеге қарай бастады.
       Шөпірі көлікте күтіп отыр екен. Алдыңғы орындыққа командир жайғасты. Артқы орындыққа Әбдірамбай міне салысымен, мәшине орнынан қозғалды.
       «Қайда барамыз?»
       Сұрауға батпады. Бар болғаны, шөпірдің қимылын көзбен бағып, үндемей отыра берді.
       Көлік алдыңғы шепті бетке алып, жолсызбен жүріп келеді. Осы мәшиненің ескілеуі Темірланда біреу-ақ. Оны да бірінші хатшы тақымына басқан. Алғаш көргенінде: «Зымырап, жетер жеріңе жылдам апарып тастайтыны болмаса, жылқыдан ыңғайлы емес,» − деп менсінбеген. Негізі машинаға тақтайдай тегіс жол керек. Дәл қазір жолмен жүруге болмайды. Әншейінде окоптан басыңды қылт еткізсең, жаныңды жаһаннамға аттандырып жіберетін жау мергені аңдып, дайын отыр. Шіркін-ай, ой-шұқыры көп кең далада көсілте шапсаң да, жорғалатып желсең де, тайпалтып жүрсең де, жылқыдан асқан көлік жоқ?! Ой мен қырдан қыңқ демей, өте қоясың. Мына мәшинесі құрысын! Май сасып, жүрегі лоблып келе жатыр. Оның үстіне бомба түсіп, ойылып қалған жер бетіне, бір тегіс қар жауып, өрі қайсы, шұқыры қайсы, аңдау қиын. Әрекідік ойдым-ойдым тұсқа келгенде, мәшине ауып-ауып, шоқырақтап кетеді.
       «Көлік сынып қалмаса, жарар еді?!»
       Мәшине кезекті бір шұқырға омбылағанда, Әбдірамбай осыны ойлап отырған. Әрі ышқынтып, бері ышқынтып, шығатын түрі байқалмағаннан кейін, үшеуі де жерге түсіп, жабыла итерді. Бірақ көлік тұрған орнынан жылжымады. Шырқ айналған дөңгелектерге қарап, тұрып-тұрып командир:
       − Саша, ты со мной. А ты Абдрамбай, охраняй машину. Мы сейчась вернемся, − деді асығыс.
       Шөпір командирге ілесе берді. Қалың қарды омбылаған екеу, қас пен көздің арасында, орман ішіне сіңіп кетті. Штаб командирі алдыңғы шептің командирімен, соғыстың жай-жапсары жөнінде ақылдасқалы барады, шамасы.
       Қас қарайды. Меңіреу орман түн құшағына бүркеніп, қараңғылық қоюлана бастаған. Оңтайлы сәтті пайдаланып, шөпірдің орнына отырған ол, жүргізуші әрлі-берлі иіріп отыратын дөңгелекті ұстап көргісі келді. Ұршықтай зырылдайтын сол дөңгелектің астында сорайып, екі темір шығыңқы тұр. Етігімен түртіп еді, ыңғайына қарай, басыла кетті. Енді байқады, қос жапырақтай темір, қос аяқтың өлшеміне дөп келіп тұрғандай екен. Бәсе! Бағана шөпірдің қимылына қарап келе жатқанда, қос аяғымен, кезек-кезек әлденені басқандай болған. Мұны басса, басу керек шығар. Ақырын қос аяқтап, басып көрді. Бірақ көлік орнынан міз бақпады. Бір аяғын босаңсытып, салмақты оң аяғына салған.
       Мына көлікті қалай айдаса болады? Құмарлық бойын билеп, көлік ішін көзімен тінте бастады. Тетіктері де көп екен өзінің. Ана жер, мына жерін шұқылап көрді, сипап көрді, ұстап көрді. Мына бір тетікті басып еді, ешбір өзгеріс болмады. Әне бір тетікті басқанда, қызыл-жасыл түймешіктер жанып өшті. Бұл не деген керемет дүние, ә! Заман ағымынан қалмай, жұрт қатарлы техниканы айдап кетсе...
       «Қарап отырғанша, шама-шарқым жеткенінше, үйреніп отырайын да».
       Мына бір жері томпақтау ма, қалай, өзі?! Саусақтары жанаса бере, бипілдеп кетті. Ойбай! Қолын тартып ала қойғанда, бипілдегені сап тыйылды. Зәресі зәр түбіне жетті. Немістер естімей қалған болар, әйтпесе, қазір-ақ, күлін көкке ұшырар еді. Әлсін-әлсін миналардың жарылып, ызғыған снарядтардың ыю-қию, у-шуы айналадан қауіп-қатер сездіре қоймады.
       Қызық, кілт неге салбырап тұр? Кілтті тұрған жерінен суырып алды. Суырып аларын алып, оның атқаратын қызметін білгісі келді. Орнына қайта салды. Бұраса қайтеді? Бұрап қалғанда, машина гүрр етті. Әбдірәмбай қосыла дір етті. Оп-по, енді қайттім? Қатты сасқалақтап, кілтті кері бұрап жібергенде, гүріл тоқтады. Уһ, жаным-ай! Яғни мына кілтті бұрасаң, көлік жүретін болғаны да.
       «Өстіп-өстіп түбінде үйреніп кетем...»
       Әбдірамбайдың көлікке қызыққаны сонша, тағы да қарсы алдына шұқшиды. Бір тетікті түрткені сол, алды самаладай жарқ ете қалды. Тас қараңғыда қатты сасқалақтады. Көз сүрінетін, көп тетіктің қайсыбірін басқанын, таба алмай... Ақыры мәшинеден атып шығып, көліктің екі шетінде, екі жарықтың шырадай жанып тұрғанын көрді. Жалма-жан шинелін шешіп, жарық төгіліп тұрған тұсты бүркемеледі. Қас қылғанда, шинелдің далақтаған етегін қанша созғанмен, екіншісіне жеткізе алмай, қиналса бола ма?! Есіне басындағы құлақшыны түсті. Оны дереу шешіп, екінші жарықты жапты. Көліктің қарсы алдында, екі қолын екі жаққа созған қалпы серейіп тұр. Жарықты қайтсе де жасыру керек. Олай етпеген күнде, зымыраған зениткалар бір минутта күлін көкке ұшырмақ. Ажалға қарсы айла жоқ, меңіреу орыс орманында, пешенесіне жазғанға көніп, шинелсіз, жалаң бас жауынгер состиып тұр. Өне бойын сарышұнақ аяз қалтырата бастады.
       «Талқаным таусылды» дегенді осындайда айтқан шығар...
       Түн. Көкте жұлдыздар жымыңдайды. Мұны мазақтап тұрғандай. Қап, бағанағы бейғам отырысын құдайдың көп көргенін қарашы. Тып-тыныш, жылы жерде отыра бермей...
       Елде жылқы күзетіп жатқан болса, ит айтақтатар еді. Жан-жақтан үріп, үйірді айналып қайтқаны, жылқышыға әжептеуір ес-тұғын. Қарасуық басталғаннан бастап, аң терісінен тігілген, етек-жеңі мол, тон киюші еді. Онысы ат үстінде аяғын жауып, жып-жылы отыратын. Тықыр киізден, белі қыналып, етегі бүрмелене тігілген шинелі құрғырды, әскерге келгенде көрді. Әншейінде, далақтап, кең көрінетін етегі нәйеті мәшиненің ана шеті мен мына шетіне жетпей қинады ғой, адамды. Белі қыналмағанда, беймарал жететұғын-ақ. Сонда құлақшынын шешпес еді.
       Қайран, малақайым-ай! Көз алдына қырдың қызыл түлкісінен, иін қандыра илеп, малақай тігіп берген Рәзия елестеді. Қоңыр күзден, самарқанның көк тасы ерігенге дейін, хас шебердің қолынан шыққан ұядай бас киімді тастамай, жар махаббатының қызуын сезініп жүретұғын. Енді міне, жан қысылғанда, жанына қамзау болған қасқыр ішігі мен түлкі малақайын аңсап, тұрысы – мынау.
       Айдала... Жеті түн... Қозғалса, шинел мен тұмақтың астындағы жарық жарқ етпекші. Суық тұла бойын қалшылдатып барады. Тұз-дәмі таусылуға таяу қалғаны ма, шынымен...
       Түн қылымсып, төбеде ай қалқыды. Тура туған жердегі бейбіт заман сияқты, бірақ Әбдірамбай Көктөбеде емес, Мәскеу түбінде, майдан шебінде тұрғанын біледі. Тек, меңіреу түн мелшиіп, ормандағы ойранды жасырып тұр.
       Жер бетіндегі адамдарға не жетпейді, осы? Тып-тыныш, бейбіт өмірдің шырқын бұзып, қан майдан басталып кетті. Талай тағдырлар бүлінді, жүректер жараланды. Жер-анамыз мың сан снаряд пен мина, бомбалар қарс айырған кеудесін жасыра алмай, самал желмен бірге сыңсып жылайды, ауық-ауық ауыр күрсінеді. Ақ қайыңдар майысып, зәулім шыршалар құлап, көгорай шалғын опырылып, астаң-кестең болған дүниені аяйсың. Қираған үй, өлген аң-құсты қоя бер, қисапсыз адам шығынын-ай!.. Біреудің перзенті, аяулы жары, сүйікті әкесі... Осыншама тіршілік иелерін қырып-жойып, ел мен жерді иеленіп, үстемдік құру ма, Гитлердің мақсат-мұраты? Атаңа нәлет пәшистер... Сендер келіп, ылаң салмағанда, Көктөбедегі қатын-баламның алдында жылқы күзетіп жатар едім-ау... Бала болса, − жас. Рәзия күндіз жылқының соңында, түнде күзетте, қиналып жүрген шығар? Менің барымда бие сауып, қымыз байлап, қазан-ошақтың басынан шықпайтын ол, жылқы бағуға қалай көндікті екен?
       Еһ, туған жер!.. Кеудесін кере дем алып, жұлдызы жыпырлаған зеңгір көкке іңкәрлікпен қарап қойды.
       Кенет омбы қарды қарш-қарш басқан аяқ дыбысы естілді. Аң ба, құс па? Дос па, дұшпан ба? Жүрегі дүрсілдеп, демін ішіне алды.
       − Абдрамбай, что с тобой?
       Таныс дауыс денесіне қан жүгіртті.
       − Это... Это... – деді тілі күрмеліп.
       Шөпір жігіт Әбдірамбайдың екі қолы екі жақта, тырп етпей тұру мәнісін ұқты да, лып етіп кәбінкеге қалай мінді, солай жарық өшті.
       Қолдары қарысып қалыпты. Құлақшынын басына әзер икемдеп, шинелін зорға киген Әбдірамбай, жұлдызы жымыңдаған аспанға қарап, тісі-тісіне тимей, сақылдап тұрса да, жымиған болды.