Алдияр Бақытжан

Туындылары


Менің жаным сағынуды ұмыты...
Ұяңдықты, пәктікті һәм күлкіні.
Байғұс жүрек Ай құшудан үмітті,
Айқасқан сәт дүнияның кірпігі.

Сезім неге селт етпейтін боп алды?!
Көзімде де жоқ секілді ой мүлдем.
… Өмірімнен сенің бейнең жоғалды,
Өлең жазбай қойдым мен.

Қайран көңіл, үміттісің әлі алдан,
Қиялдағы қилы бояу қалды оңып.
Құсада өлді құсуси бір пәк арман,
Құсни кейпің бір көруге зар болып.

Түһмәтсіз-ақ тағдырымыз тұнжырап,
Уақыттың қонбай қойды бізге емі.
Ділім сүйген ділбар дәурен тұр жылап,
Діріл қаққан жапырақтай күздегі.

Кескініме қарайды аяп жұрт үнсіз,
Маған айтар таусылды елдің ғақлы анық.
Бәңгі өмірім өтіп жатыр үн-түнсіз,
Саған жазған бәйіттерден бәһра алып.

Ғұмыр бойы жырлап өттім сені, еркем,
Арамызда бар жалғыз-ақ айырма –
… Ескерткіш сап еске алады ел ертең,
Саған теңеу таппай кеткен шайырға!



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу