Алдияр Бақытжан

Туындылары


АҚЫН ІНІМЕН ӘҢГІМЕ

Ей, көңілі көктем тұнған жас інім!
Бүгін сенің алшы боп тұр асығың.
Мына ғасыр – сенің ғана ғасырың,
Ана сұлу – сенің ғана ғашығың.
Қазір сені айналып жүр бір бақыт,
Сол бақытты алма бірақ ұрлатып,
Тағдырың бар сынап жатқан жасырын.

Ей, қияғы қайрылмаған қыран ұл!
Сен таңдаған мына бір жол тым ауыр.
Бұйра басым шерленген жер бұл ауыл,
Жиырма жасым жерленген жер бұл ауыл.
Сол ауылдың кезіп жүріп сортаңын,
Сорқұдыққа тап болар деп қорқамын –
Сорқұдықтың суын ішкен күнә-дүр.

Айналайын періштем!
Аяймын ғой, аяп тұрмын сені іштен.
Бұл ауылда жеңіліс көп, жеңіс кем,
Біздер татқан татпашы улы жемістен.
Бұл ауылда күнә батар кезең көп,
Бұл ауылда сыра жатар өзен боп,
Сол күнәні сыра қосып мен ішкем.

Ал, мейлі, іштім, кәне соның пайдасы?
Бұл ауылдың көп сұмдығы, айласы.
Мына бір көл – Жұмекеннің көз жасы,
Су перісі – Жұматайдың Ләйласы.

Көл жағалай өскен мына жекен-мұң,
Қаламынан тамған Тоқаш көкемнің.
Ақ шағала – Мұқаңдардың Музасы,
Ана бір бұлт – сағынышы Төкемнің.

Ақандардың ағып өткен жасы боп,
Құлагер жүр тұяғынан шашып от.
Ано-о-оу тұрған – Есенғали ағамның
Құба жалды құнаны ғой басы жоқ.

Бұл ауылдың өзгермейді іреңі,
Ақындық пен өнер елі, жыр елі.
Және де оның тұрғындары үнемі
Бірдеңені жуады да жүреді.

Бұл ауылдың жоқ ешкімге тарлығы,
Жүрмейді онда хан, қараның жарлығы.
Және де оның «Қаламгердей» бары жоқ,
Барыменен базар қылар барлығы.

Өз жолыма үрке қарап тұрам да,
Өзің сынды жөн сілтеймін ұланға.
Аттың басын бұрдың ба ақыр, інім-ай,
Ай, інім-ай, қоймадың ғой... Жүр онда!

2005 жыл. Шымкент.



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу