Алдияр Бақытжан

Туындылары


«Сенің барың, сенің бұлай туғаның Қандай ғажап, Құдай-ау...» (Жұматай)

Ен даланың еркін өскен елігі ең,
Бір жоғалтып, қайта таптым сені мен.
Сенсіз өткен күндерімнен жалығып,
Сенсіз өткен түндерімнен жерігем.

Бір жоғалтып қайта тапқан асылым,
Мін жоқ артық тал бойында ғашығым –
Он жыл бұрын жоғалттым да бейнеңді,
Он жыл бойы сүйіп келдім жасырын.

Өзіңе арнап, бітпей қалған шолақ жыр
Көп еді ғой...
Солар жанды тонап жүр.
Он жыл бойы сені сүйдім, ендеше
Отыз емес, өмір сүрдім он-ақ жыл.

Бір кездегі мені сүйген жүрекпен,
Бір кездегі мені аңсаған тілекпен
Шыныменен табыстым ба, Тәңір-ау,
Тәңірім-ау, жоқ тағдырға түк өкпем.

Сол баяғы балдай тәтті ерніңмен
Емдедің де...
Қайта өмірге келдім мен.
Бір от тағы өртеп бара жатыр ғой,
Он жыл бұрын өзім үрлеп сөндірген.

Әйәйім-ау, әйдегім-ау, айнам-ау,
Сен туралы мүмкін бе екен ойламау?!
От боп жанып барамын ғой, жарығым,
Жаным – жалын, жүрегім – от, ой да – алау.

Сенсіз өткен күндеріме – мың қарғыс,
Сенсіз өткен түндеріме – мың қарғыс.
Мен баяғы жан емеспін мұңданғыш,
Менде қазір жоқ ешкімді тыңдар күш.

Енді менен айыра алмас сені ешкім,
Енді сенен айыра алмас мені ешкім.
Сенделсем де соңында он жыл елестің
Сені бірақ ұмыта алған емеспін.

Сені ұмытқан сәттерімнің жоғы шын,
Қорықпаймын енді өмірден толы сын.
Бүгін сені жолықтырдым, ендеше
Бүгін менің туған күнім...
                       Сол үшін!



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу