Алдияр Бақытжан

Туындылары


АЛА МЫСЫҚ

Көңілдегі ысырып нала, мұңды,
Өмір менің ұштауда талабымды.
Мысық көрсем болғаны, көз алдыма
Бір оқиға келеді бала күнгі.

Жиі алдырып әкенің ауыр демін,
Еркелікпен ететін жауыр белін,
Алақұйын өмірден аумай қалған
Алты жасар бала едім, ауылда едім.

Бес ағамен белдесіп есі кірген,
Есті бала шошитын есімімнен.
Арыз айтып келуші ағайыннан
Арылмайтын әрдайым есік, іргем.

«Жүгермек» деп ел таққан дара белгі.
Жүретінмін шулатып тамам елді.
Ағам бірде өзімен адыр жақтан
Ала мысық көтеріп ала келді.

Қыркүйектің іші еді. Күз күні еді.
Күреңітіп алған-ды түз кілемі.
Түні бойы жаураған бала мысық
Темір пешке пана іздеп үздігеді.

Жылынған соң жатар деп қойнымда ойнап,
Тереңіне кеттім бір ойдың бойлап.
Әлгі ойменен сәлден соң мысығымды
Темір пештің үстіне қойдым байлап.

Беу, балалық, тәнті шақ, тәтті еркелік,
Қалды-ау сонда азапты сәттер төніп.
Аздан кейін мысықпен бірге менің
Жүрегімнің жартысы жатты өртеніп.

Сол сүреттен өн-бойым тоңып, ысып,
Жанарымнан бір жарық бөліне ұшып,
Қапелімде қараңғы шыңырауға
Құлап барам... Қолымда өлі мысық.

Сосын, сосын... Белгілі бар маңға емі,
Сауықтырған талайды салған демі,
Үш күн қатар ұшықтап Батпа кемпір
Әупіріммен адам ғып алған мені.

Жиі алдырып әкенің ауыр демін,
Еркелікпен ететін жауыр белін,
Алалығым жоқ-тұғын, Ала мысық,
Алты-ақ жасар бала ем ғой, ауылда едім.
Шықса-дағы сан ғажап белеске адам,
Әсер еткен дәл сендей емес маған.
... Ағайынға жасарда бір жақсылық,
Ала мысық, алдымен сені еске алам!

1999 жыл. Тұрбат ауылы.



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу