Аймақ Әбілда

Лебіз


«ӘДЕБИЕТТІҢ ЕҢБЕК ТОРЫСЫ ЕДІ...»

       Әбілда Аймақтың қазасы бізге көктен жай түскендей әсер етті. Себебі, ақынның өлімі ақ қайыңның құлағанымен тең! Әбілда әдебиеттің еңбек торысы еді... Ол Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жазушылар одағының бөлімшесін жиырма жыл басқарды. «Әбілда әдеби ортаны ұйыстыра алмады...», – деген әңгімелерді жиі еститінмін. Бұл оның қателігі емес деп ойлаймын. Себебі, заманды ақша билеп, әдебиетке көңіл аз бөлініп жатқан қиын кезде ол қолынан келгеннің бәрін жасады. Ол әдебиетті тастап кеткен жоқ! Шығармашылыққа, сөз өнеріне адал болды! Әдебиеттің өркендеуіне бір кісідей атсалысты. Оның Халықаралық Физули сыйлығын иеленуі қазақ әдебиетінің қаншалықты жоғары бағаланатынын байқатты. Әбілда алпыс жылдығын өткізе салысымен қазаға ұшырауы қабырғамызға батты. Тағдырға шара жоқ!.. Ақын ұзақ жылдар бойы шығармашылықпен айналысып, халықтың ыстық ықыласына бөленсе, ол оның мықтылығынан деп ойлаймын... Жаның жәннатта болсын, Әбілда!..
Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ



«ҰМЫТЫЛМАЙСЫҢ, АҚ САМАЛ»

       Арыс өзенінің жағалауынан аңқылдай соққан ақ самалдың бір бөлігі сарқылды, бұлқына аққан бұлақ тартылды. Өмірден ақын Әбілда Аймақ өтті 60-қа енді ғана толған шағында. Өзегіміз өртке шарпылды. Қазақ өлеңі тағы да қара жамылды. Қатар жүрген қаламгерлердің қайғыдан қабырғасы қайысып, омыртқасы майысты. Шайырдың тәнін қара жерге берерден бұрын, көбіміз рухын кеудемізде әлдилеуге алып қалдық.
       Әбілданың екінші әлемі, естеліктер еліндегі ғұмыры басталды. Әттең, өзі туралы түсірілген «Ғұмырдария» хабарын көре алмай кетті. Біз оны әлі талай жоқтап, еске аламыз. Өмір бойы мүккамал-мүлік байлығын жинамай, ұлтының рухани игілігін үстемелеуге ұмтылып, өзі де қазыналы кенішке айналып еді. Шындыққа шіркеу түсірмей, көкейдегі ойын көргеннің көзі тоятындай, естігеннің әуесі ауатындай шынайылықпен жеткізетін. Өтпелі кезеңнің аласапыранында жазылған «Байларға қарап мен де үріп қоям», — дегенін апасы Фариза Оңғарсынқызы өте жоғары бағалағаны есімізде. Байлауы жоқ жалғанда байпағынан басқа сүйенері қалмаған ақын бұдан артық не десін?
       Әбілданың құр сүйегін тас қараңғы мәңгіліктің тауаны тар құрсаулы құшағына тапсырып тұрып, өтелмеген армандарына салауат айтып, өтімі мол өлеңдеріне өміршеңдік тіледік.
       Бақұл бол, бауырым! Көркемдікке көзі қанықтар өзіңді ұмыта қоймас. Ұлтарақтай жерде жатсаң да, қызулы ұлы түстей ұлағатыңмен көңілдерге ұзақ уақыт нұр сыйларсың.
Нармахан БЕГАЛЫҰЛЫ



«ШЫРАҚШЫ ШЫРЫЛДАМАЙДЫ»

       Әбілда Аймақ туралы аздап-аздап жазатынбыз. 2012 жылғы сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде Әбілда бауыр туралы «Шығармашылық шырақшысы» деген дүниеміз шыққан. Қазжазодақтың облыстық филиалындағы шырақшы-лықтың қиындығын, Әбілданың әбігерленіп жүретінін біршама бейнелегенбіз. Мәз болған еді.
       «Шығармашылық шырақшысы шырылдайды. Шыдайды. Шыдамаса, шырақшы бола алмайды...» деген едік сонда.
       Шырақшы шырылдамайды. Бұдан былай. Өзі шыдағанмен, жүрегі шыдай алмады. Шерхан Мұртаза: «Жазушылар мен журналистер жүректен кетеді» деген ғой. Жүрегі нәзіктер сөйтетін шығар. Тас жүректерді кім білсін!
       «Күн сәулесі түспей бір шаңырақтан. Жастайымнан қу тағдыр маңыратқан» дейтін Әбілдаға Жаратқан Иеміз шынайы, ақиқат ақындықты дарытты. Аса ауыр тағдыр бұйыртты. Бәрібір, ол өлеңге өлердей ғашықтығынан танбады.
       Алпыс жылдығын қатты уайымдады. Қарсаңында жарасымды жыр кештері болғанда қатты қуанды. Кітапханаларда ұйымдастырылған кештеріне де, менің туған ауданымда, оның туған ауданында өткен шараларға да қатысып, ініміздің қуанғанына, толқығанына куә болдық. Үлкен тойы да үлгілі өтті.
       Амал қанша, алпысыңыздан асар-аспаста алтын құрсақты аймақтың Аймағы, әуезді өлеңнің Әбілдасы бақиға беттеп кете барды. «Жаңбырды жақсы көрем, көке» деуші еді. Жаңбыр иісі бұрқырап тұрған күні туған ауылының то-пырағын томпайтты.
       «Түк таппай пенделердің сенімінен; Анда-санда байларға еріп үрем» дегенін Фариза әпкесі классика деп еді. Әлдебіреулер әжуаға да ұшыратып жүретін Әбілдаңызды. Алайда, ол өз бағасын онша білмесе де, Өлеңінің өзгешелігіне сенді. Өлеңі өзгеше болатын. Шырақшы шырылдамайды. Енді. Алайда, өзі өрнектегендей, «құпиясы тереңдегі» жырлары шырылын тоқтатпақ емес. Қазақ барда.
       Әбігерлі Әбілданы бұдан былай өзі өзгеше жырлаған Шымкенттен де, Темірланнан да таба алмайсыз. Көшелерден кездестірмейсіз.
       Іздейтін боласыз.
       Жұбанышты жырларынан жолықтырарсыз.
       Бақұл бол, бауырым!
Мархабат БАЙҒҰТ



«МЕН КЕЛГЕННЕН ҚАЙТУҒА ҚАМ ЖАСАДЫМ»

       Әбілда түпсіз тұңғиықтар тереңіндегі ақын еді. Оның қай өлеңін алып қарасаңыз да Ұлы Жаратушыға деген шексіз махаббат табылады. «Бисмиллахир-рахманир-рахим! Қадір түні жазайын өлеңді мен, Шуағына Алланың бөленді рең. Зікір салып келді ме періштелер, Нұр қаптаған түн еді төбем кілең» деп басталатын жыр жолдары сияқты оның Алланы атамаған шығармасы кемде-кем. Ол алпыстың асқарына көтерілмей жатып Алланың алдына адалдықпен, таза кейіппен баруды ойлады. Ақынның «Жібек жолы» баспасынан жарыққа шыққан «Ләйла» кітабы жеті бөлімнен тұрады. Қазақта жеті саны қашаннан-ақ қастерлі. Бұл күллі мұсылман әлеміне белгілі жағдаят. Жеті қазына, жеті ықылым дүние, жеті жарғы, жеті теңге. Осылай жалғаса береді. Ал, жинақтың «Ләйла» атануында алапат сыр бар. «Ләйланы» араб тілден аударсақ, «түн» деген сөз шығады. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға Алланың кітабы – «Құран» түскен түн Ләйлә-тул Қадір аталатынын иісі мұсылман білсе керек. Қайсы бірін айтайық, Әбілда ақынның әрбір өлеңінде тылсым бір құдірет жатқандай еді. Оны өлеңінде өзі де жазып кетті «ойсызға, сірә, сараңнан жаман, құпия болар тереңім».
       Сол тереңін құпиялаған күйі Әбілда ақын ешкімге сыр алдырмай қапияда қаза болды. Күні кеше ғана алпысын алыс-жақыннан зиялы қауым өкілдерін жинап, дүрілдетіп өткізген ол қайтпас сапарға аттанып кете барды. Өзі айтқандай, бұл жолға ол сақадай-сай сайланып шықты.
       Қазақстан Жазушылар одағы ОҚО филиалының директоры деген дап-дардай атағы бар ағамыздың кездесулерден қолы босамайтын. Осы қызметті қоғамдық негізде атқаратын Әбекең сол кездесулер мен тұсаукесерлердің, мерейтой-лардың барлығына дерлік уақытты қайдан табады деп ойлайтынмын. Ертелі-кеш жазушы, ақындардың шығармашылық кештерін, мерейтойларын ұйымдас-тырып жүретін. Қоғамдық жұмыстан соқыр тиын да алмайтынын және білеміз. Оның бір ауызынан түспейтін қалыпты сөзі болушы еді. Теледидарға сұхбат бергенде де, ауызекі әңгімеде де «Сіз білесіз бе?» деп алып, сұхбатын сабақтай-тын. Сол әдетімен: «Сіз білесіз бе, мені іздейді ғой» дейтін күлімсіреп. Сөйткен Әбілда ағамыз Астанадан келе аудандарды түгел аралап шықты. Кездесулер, шығармашылық кештерін өткізді. Жалпы, Әбілда ақынның шығармашылық кештері өте әсерлі өтуші еді. Облыс орталығындағы кітапханаларда кездесу, шығармашылық кездесулерінде байқаймыз ғой, Әбілда жыр оқыса жастар жағы елеңдесіп қалатын. Шығармашылық орталықтар Әбілдасыз кеш өткізбеуші еді. Өздері шақырады. «Ақынның алпыс жылдығы» делінген соң аудандағылар да Аймақтың аяқ-қолын жерге тигізбеді. Осы кештер мен кездесулердің түйіні Шымкентте ширатылды.
       Енді ғана ес жиып, ойлап отырмыз ғой, Алла сездірді ме екен, Әбілда ел алдына есеп беріп кеткісі келді-ау шамасы. Жанталаса кіріскеніне қарап, өмір кесесінің ерте толарын іші құрғұры сезді-ау!
       Адамдар бекер келген жер бетіне,
       Сондықтан Алла алдында пенде түге.
       Тірілер бірін-бірі қорғамайды,
       «Қорықсаң, – дейді қазақ, – көрге түне!» – дейді ақын.
       Қандай ащы сөз. Ащы болса да шындық. Тірілердің бірін-бірі қорғамайтыны рас. Қорғар болса, осы ақынды қорғар еді ғой.
       Осындай отты өлеңдер қалдырған Әбілда Аймақ өзінің туған жері – Темірланда топырақ томпайтты.
       Қош бол, өлеңнің тарланбозы!
Сабырбек ОЛЖАБАЙ



«Әбілда жырларындағы «Қаңғыбас» атты циклдың орны да,салмағы да бөлек. циклды өлеңмен жазылған роман деуге де болады.Топтамада кейіпкердің бүкіл өмірін поэзия тілімен өріп,көркем сөз өнерінің құдіретімен қиыннан қиыстыра жырлап,тұтастыққа алып шыққан.

Мархабат Байғұт.



«Ақын өлеңдерінде халқымыздың таным-білімі,салт-дәстүрі,сенім-нанымы жан-жақты
көрініс табады.Бұрынғы өткен шығыс шайырларында кездесер өнегені өрістетіп,тереңдете түспекке тырысқан ақын соны сүрлеулер салып,тың тыныс тапқандай.»


Мархабат Байғұт.



«Әбілда жырларындағы «Қаңғыбас» атты циклдың орны да,салмағы да бөлек. циклды өлеңмен жазылған роман деуге де болады.Топтамада кейіпкердің бүкіл өмірін поэзия тілімен өріп,көркем сөз өнерінің құдіретімен қиыннан қиыстыра жырлап,тұтастыққа алып шыққан.


Мархабат Байғұт.



«Ақын өлеңдерінде халқымыздың таным-білімі,салт-дәстүрі,сенім-нанымы жан-жақты
көрініс табады.Бұрынғы өткен шығыс шайырларында кездесер өнегені өрістетіп,тереңдете түспекке тырысқан ақын соны сүрлеулер салып,тың тыныс тапқандай.»



«Өлең тек қана анасындай,баласындай болғанда ғана ақыннан бір нәтиже шығады.
Ал,өлеңді туған анасындай,баласындай көрген ақынның бірі Әбілда Аймақ деп білемін.»


Тұманбай Молдағалиев.



«Әбілда Аймақтың жырлары-классикалық өлеңдер.Мен оны оқып шықтым.
Бір өлеңінде:
«Түк таппай пенделердің сенімінен
Анда-санда байларға еріп үрем,- дейді.
Бұлай деп қазақта Әбілдадан басқа әлі ешкім айтқан жоқ.»


Ф.Оңғарсынова.



« Әбілда Аймақ поэзиясы – бейнелеп,тұспалдап сөйлеу деңгейіне көтерілген сындарлы поэзия.»


М.Мырзахметұлы.



Әбілдә Аймақ құланаяқ шайыр. Қасуылдап өтінсең «Қаңғыбас» өлеңін оқи жөнеледі. Қылаусыз шеберлігі сол, өрнекті өлеңінің әлеуеті мәшһүр Радж Капурдың қаңғыбас мырзасынан әсте кем тартпайды.



Ақын Әбілда Аймақтың пьесасы Шәмші табиғатын халыққа танытар тартымды танымды, тағылымды шығарма.

Бастарбек Пірімбетов
Ж. Шанин атындағы драма театрының директоры.



«Шәмші сағынышы» пьесасы композитор туралы жазылып жүрген шығармаларды қайталамайтындығымен құнды.

Ерсін Қойбағаров
Жазушы



Тәуелсіздік тойы қарсаңында санамызды сілкіндіріп, ұлттық рухымызхды көтерген қойылымды («Шәмші сағынышы» пьесасын) халқымыздың біртуар ұлы жайлы жазылған кезекті бір талпыныс деп қабылдадық. Әрине, Шәмші - мәңгілік тақырып. Оның қарапайым жанның түсінуі қиын сан қатпарлы шығармашылық ғұмыры жайында әлі талай туындының жазылатынында сөз жоқ. Сондықтан, көрермендер елегінен өткен жаңа туындыны шәмшәтануға қосылған үлкен үлес деп бағалаған ләзім.

Үмітхан Алтаева
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің
әдебиет, мәдениет, өнер бөлімінің меңгерушісі.





 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу