Кендебай Ахат

Туындылары


ҒҰМЫРДАРИЯ

Ағып бара жатырмыз күн батысты бетке алып,
Жайындарды ортаға, шабақтарды шетке алып.
Күн шығысқа қараймыз атқан таңға үмітпен,
Қарсы жүзер дәрмен жоқ – толқын келеді оқталып.

Арна кейде кеңейіп, кейде қатты тарылар,
Өкпе кейде қабынып, кейде жүрек жарылар.
Қалтарысы қырық қатпар дарияның бойында,
Біреу сені жек көріп, біреу саған табынар.

Арна кейде бұрылып, жол-жөнекей жырылар,
Көбік шашқан ақ бура кейде құздан жығылар.
Бақа-шаян жол бойы шалшық суға шашылып,
Зәрін төгіп алған соң, жылан інге тығылар.

Арыстанның алдында түлкі-сайқал құлпырар,
Талай аңғал қызынып, тазы болып ұмтылар.
Жайпап бәрін алған соң жайын балық бұлт етіп,
Жауынқұртқа алданған шабақ торға тұтылар.

Ағып бара жатырмыз күн батысты бетке алып,
Күн шығысқа қараймыз өткендерді еске алып.
Кідіруге дәрмен жоқ өкше басып келеді,
Көкжиектен көрінген жаңа толқын оқталып.

Қырандардың томағасын солар келіп сыпырар,
Аққуларды өз көркімен айдын көлде ұшырар.
Біз жеңбеген пенделікті ар отына шыжғырып,
Пенделіктен солар мүмкін құтылар?...