Момбек Әбдәкімұлы

Туындылары


1916 ЖЫЛҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСТІҢ ОҢТҮСТІКТЕГІ ҚАҺАРМАНЫ


       Оңтүстік қазақтарының соңғы үш-төрт ғасырлардағы тарихы оқулықтар мен ғылыми әдебиеттерде шынайы түрде көрсетілмей келе жатқаны сияқты, 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азияны шарпыған ұлт-азаттық көтеріліс – оңтүстік өлкесінде де үлкен белең алып, жергілікті тұрғындарға зор зобалаң мен зұлмат әкелгені жайындағы дерек-мағлұматтар да бүгінгі дейін ашық жарияланбай келеді. Біз осы көтеріліс туралы сөз етсек, тек Торғай даласындағы Аманкелді Иманов пен мен Жетісу жеріндегі Бекболат Әшекеев бастаған шайқастарды ауызға аламыз. Өйткені мектеп оқулықтары мен ғылыми еңбектерде осы екі кісі басқарған соғыс қана оқытылады әрі оның бірі көркемфильмге де арқау болған. Соған сайып, біздің ұғымымызда 1916 жылғы ақ патшаға қарсы Қазақстан жерінде өткен толқулар жаңағы аталған екі көтеріліспен ғана шектелген деген сенім мен көзқарас қалыптасқан. Ақиқатында ұлт-азаттық көтеріліс Жетісу мен Торғайда ғана емес, күллі қазақ даласын, оның ішінде оңтүстік өңірін де шарпыған. Ол кезеңде бүгінде шартты түрде Қазақстанның оңтүстік облыстарына жататын аумақ Түркістан генарал-губернаторлығының құрамына кіретін Сырдария және Жетісу облыстарына бөлінген. Өкінішке орай, оңтүстік өлкеде өткен ұлт-азаттық көтерілісінің тарихы архивтік һәм ауызекі әңгімелер дереккөздері бойынша мол болғанымен, оны арнайы зерттеп жазған ешкім болмапты. Бір ғана дерек – әйгілі жазушы Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» атты романында 1916 жылы Меркі жерінде Ақкөз деген қария басшылық еткен шайқас көркем әдебиет тұрғысында берілген. Бірақ бұл дерек ол көтерілістің барлық ақиқатын танып-білуге тым-тым аздық етеді.
       1895 жылға шейін қазақ жерінің шегінен асып, Орта Азияның Памир тауларына дейінгі жерлерді бауырына басқан орыс отаршылдары жергілікті халықтардың қалыпты өмір салтын бұзып қана қоймады, оларға өз ұстанымдары мен билік құрылымдарын зорлықпен енгізіп, барлық ұлттарды орыстық тәртіппен күн кешуге мәжбүр етті. «Найзаның күшімен орнатылған жүйе – найзасыз өмір сүре алмайды» деп Керейхан Аманжолов жазғандай, отаршылдар қазақ халқы мен Орта Азия жұртына аса зияндық тигізді. Миллиондаған гектар жерлер патша өкіметінің иелігіне, оның шенеуніктерінің меншігіне тартылып алынды. Қарапайым халыққа орасан көлемдегі салықтар салынды. Отаршылдықтың салдарынан ежелгі Тұран өлкесінің ауыл және халық шаруашылығы күрт төмендеп, жұрт ауыр жағдайға ұшырады. Мал еті мен мақтаға аса зәру болған Ресей басқыншылары онсыз да титықтай бастаған шаруаларды бұрынғыдан бетер қанап, керекті заттарын талап етуден бөлек, қорқытып-үркітіп тартып алды. Оған назаланған қазақтар, өзбектер, қырғыздар, т.б. бірнеше мәрте отаршылдарға қарсы бас көтерді. 1885 жылы Ферғанада, 1898 Әндіжанда, 1892 Ташкентте, 1906 жылы Шымкент уезіне қарасты Бадам, Арыс, Созақ, Түлкібас болыстықтарында болған көтерілістер осындай қысымшылықтың себебінен туындаған еді. Алайда осындай бас көтерулердің барлығы патша өкіметі тарапынан аяусыз басып тасталып отырылды. Ал мұндай көтерілістердің ең шарықтаған әрі зор белең алған кезеңі 1916 жылдың тамыз бен қараша айларының арасында өтті.
       Сондағы көтерілістің бір айдың көлемінде осыншама ұлан-ғайыр өлкеде қалай ғана бірден басталып кеткені әлі күнге дейін тарихи жұмбақ. Мысалы, 1916 жылдың тамыз айының аяғына таман Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Ферғана облысында Мадан бастаған шайқас пен Меркі мен Торғай жеріндегі көтерілістер бір уақытта басталған. Дәл осы кезде Сырдария облысына қарасты Ташкент уезі мен Түркістан уезінің және Жетісу облысының бірнеше жерінде де отаршылдар саясатына қарсы бас көтерулер орын алған. Араларында қазіргідей байланыс құралдары жоқ ол уақытта бір-бірінен тым шалғай жатқан өлкелерде көтерілісшілер күні бұрын келіскендей, бір мезгілде бастауы, расында, таңқаларлық жәйт.
       Алдымен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің шығу негізі қандай себептерге байланысты болғандығын баяндап өтейік. Тарихта бірінші дүниежүзілік соғыс деп аталатын майданға Ресей 1914 жылдың 19-шілдесінде кіріскен. Соғысқа күшті державалардың екі мықты тобы – Антанта (Англия, Франция, Ресей) мен Австро-Герман блогы (Германия, Австро–Венгрия, Түркия және олардың одақтастары) бір-біріне қарсы шықты. Соғыс екі жылға созылды. Ресей соғыс үшін Түркістан өлкесінен шикізатты, азық-түлікті, мал мен ақшаны есепсіз алды. «Қазақ ССР тарихының» мәліметі бойынша, Ресей 1915 жылдың өзінде Түркістан өлкесінен (оның ішінде Сырдария, Жетісу облыстары да бар) 20899 мың пұт мақта, 300 мың пұт ет, 109 мың пұт мақта майы, 474 мың пұт балық, 12,7 мың пұт түйе жүні, 220 мың пұт сабын, 70 мың жылқы, 38 мың шаршы кез киіз, 13441 киіз үй, 80 мың қой тасып әкеткен. Осы уақытта бір ғана Сырдария облысынан 44 миллион сомның малы мен мал шаруашылығы өнімдері әкетілген. Оған қоса, сол жылдары халыққа салынатын салық 4-5 есеге дейін өскен. «Мемлекетке бұратана жұрттардан, яғни Түркістан халықтарынан алынатын тікелей салықтардың мөлшері 1914 жылы 6.559.02 сом болса, 1916 жылы ол 14.311.771 сомға жеткен». (Х.Тұрсынов, «1916 жылғы көтеріліс», Ташкент, 1962).
       Патша қанаушылары Түркістан жұртын дәл осылай қинап, материалдық және моральдік тұрғыда езіп-жаншып жатқан кезде, ІІ Николай 1916 жылдың 25-маусымында бұл халықтарды Антанта мен Австро-Герман блогы соғысып жатқан майданның қара жұмысына шақыру туралы жарлық шығарды. Бұл туралы тарихшы К.Аманжолов былай деп жазды: «Импералистік соғыс жылдарында Ресейдің қарулы күштері 10 миллион адамға жеткен. Соған қарамастан соғыстың барысы қиындай түсті. Орыстар өлімге ұшырағанда, бұлар неге сыртта қалады деген оймен, патша өкіметі мұсылман халықтарының 19 бен 31 жас аралығындағы жігіттерін майдан шебіндегі қара жұмысқа салуға ұйғарым етті. Миллиондаған қазақ, өзбек, қырғыз, т.б. ұлттардың азаматтарын майданға қаруландырмай аттандыру – оларды құрбандыққа шалумен, жаппай қыруға айдаумен бірдей еді. («Түркі халықтарының тарихы» 3-том, 224 бет).
       Жарлықтың мәтіні мен мазмұнын Түркістан өлкесіндегі қалалар мен уезд бастықтары, ауыл-ауылдардағы болыстар мен старшындар лезде халыққа таратып, патша бұйрығын орындауға тез кірісті. Алайда олар әп дегенде-ақ халық тарапынан қарсылыққа ұшырады. Патша шенеуніктерінің зорлығы мен қысымынан әбден зәрәзап болып отырған халық жарлыққа көнбейтінін бірден білдірді. Ел арасынан жұрт мүддесін ойлайтын азаматтар шу дегенде-ақ бас көтеріп, аталмыш жарлықтың әділетсіз екенін жариялады. Халық та оларды әп-сәтте қолдап, тізім жасауға кіріскен болыстар мен старшындарды тыңдаудан бас тартты. Мұндай бастартулар мен қарсылықтар ауыл-ауылдарға тез тарап, аз ғана уақыттың ішінде бүкіл Түркістан аумағындағы жұртты елең еткізді. Жәй ғана елең еткізіп қоймай, артынша үлкен және кішігірім ауыл, кенттерде түрлі деңгейдегі көтерілістер бой көрсете бастады.
       Алғашқыда патша шенеуніктері мұндай кіші-гірім бас көтерулер үлкен көтеріліске ұласып кетеді деп әсте ойламады. Бұрынғы бейбіт кезде екі-үш-ақ мылтықты солдатпен бір ауылға барып ойран салатын әдеттеріне басып, уездік полицейлер әр ауылға екі-үшеуден аттанып, жарлыққа қарсы шыққандарды жазаламақ болды. Алайда не болса да тайынбауға кіріскен ауыл адамдары ондай полицейлерді ұрып-соғып, аттарын тартып алып, өздерін жаяу қайтуға мәжбүр етті. Мұндай оқиғалар күллі Түркістан өлкесіне қарасты облыстарда күн бе күн қайталанып жатты. Бұдан секем алған Түркістан генерал-губернаторының міндетін атқарушы Ерофеев патшадан осы өлкеге әскери жағдай енгізуді сұрады. Сұранысы сол күні қабылданып, ІІ Николай «Түркістан әскери округі соғыс жағдайында» деген указға қол қойды. Патшаның бұл қылығы бүкіл Орта Азия мен Қазақстан халқын «дұшпан армиясы» деп жариялаумен парапар болатын. Ертесіне, яғни 1916 жылдың 17-шілдесі күні Ресейдің әскери министрі әскери сотқа Түркістан өлкесіне байланысты жаңа бұйрық шығарды. Бұйрық бойынша Түркістандағы жергілікті соттар ауыл-ауылдарда бас көтергендерді тергеусіз, куәсіз атып тастауға, болмаса 10-15 жылдан каторгаға айдауға құқылы болды.
       Шілденің ортасына таман қазақ жеріндегі жағдайдың ушығып бара жатқанын сезген ІІ Николай патша Түркістанның генерал-губернаторлығына осы өлкені бұрын басқарған және мұндағы халықтың жай-күйімен жақсы таныс Куропаткинді тағайындады. Барлық билікті қолына алған ол, 23-тамыз күні бүкіл Тұран даласын бұрынғыдан да бетер дүрліктірген жарлық шығарды. Ол жарлық бойынша Түркістанға қарайтын бес облыстан майдандағы қара жұмысқа 220 мың жас жігіттер іріктеліп алынуы қажетті. Оның 60 мың адамы Сырдария облысынан жиналуға тиіс-тін. Курапоткин жарлыққа қоса, қосымша бұйрықты да бекітті. Бұйрықтың мазмұны 7 баптан тұрды. Онда қара жұмысқа алынатын адамдарды қалай жөнелту, қалай киіндіру, сондай-ақ өкімет бұйрығынан бас тартқандарды сотсыз, тергеусіз ату, бас көтерген ауылдарды аяусыз қыру сияқты құпия баптар да бар-ды.
       Бұл уақытта Жетісу мен Сырдария облыстарында патша жарлығына қарсы бас көтерген қазақтар қолдарына түскен найза-қылыштармен қаруланып, отрядтар жасақтай бастаған-ды. Бір ауылдың қол бастаған батыры екінші ауылдағы туыстарына шабарман шаптырып, көтерілісті қолдауды сұрап, реті келсе, бәрі бір ортаға жиналған үлкен топ құруды жоспарлады.
       Шілденің басында-ақ Түркістан өлкесіндегі толқулардан қатты қауіптенген патша шенеуніктері «жабайыларды тәубесіне келтіру мақсатымен» мылтық былай тұрсын, зеңбірек-пулеметтермен қаруланған арнайы жазалаушы отрядтарды құруға кірісті. Оған қоса, Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің бастамасымен Жетісу облыстық әскери губернаторы Фольбаум мен Сырдария әскери губернаторы Гродеков қазақ жеріне ауып келіп, село-село боп орныққан орыс мұжықтарына үндеу тастады. Үндеу қағаздарға басылып, селолардың старостоларына, мұжықтарына таратылды. Онда мынадай үндеу бар-ды: «Бауырлар! Ұлы орыс билеушілері сендерді мұсылмандар арасындағы тірегі ретінде бар жағдайларыңды жасап, жақсы өмір сүрулеріңе мүмкіндік берді. Ресейдің басына күн түскенде біріңе дейін қалмай, оған қызмет етуге тиіссіңдер! Қолдарыңда өкіметтен тегін алған винтовкаларың бар. Винтовкасы жоқтарға ол тағы тегін таратылатын болады. Соны алып, ұлы патша ағзам бұйрығына қарсы шығып, бүлік салған мұсылмандарға атой салыңдар! Қарулы село – қаһарлы батальон екенін ұмытпаңдар! Патшаға адал қызмет ететін полицейлер мен жандармдарға еріп, осы шайқаста ерекше ерлік көрсеткендер – біздің тарапымыздан мол сыйлық пен олжаға кенеледі».
       Осылайша, 1882 жылы Ресей сыртқы істер министрлігіне қарасты Орта Азия істері жөніндегі басқармасының шенеунігі Кривошейннің «Түркістанға қоныстанған әрбір орыс поселкасындағы қаруланған мұжықтар тобы – Ресейдің сенімді де қаһарлы батальондарының бірі болып есептеледі» деген сөзін қазақ даласын билеген әскери басшылар тағы да расқа айналдырып, іс жүзіне асырды. «Тағы да» деп отырған себебіміз, әдейі қаруландырылған мұжықтарға сүйенуді орыс отаршылдары қазақ даласын басып алған уақыттан бері дағдыға айналдырған.
       Сырдария облысындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске дайындық Курапаткиннің жоғарыдағы қатыгез жарлығы шықпай жатып-ақ, ең алғаш шілденің 26-ы күні Ташкент уезінің «Кіші Жетісу» (қазіргі Қазығұрт ауданы), Шымкент уезінің Бадам, Арыс, Ақсу, Қаракөл, Түркістан уезінің Созақ, Қазалы уезінің «Жоталы» болыстықтарында бой көрсетті. (Мұнда бір айта кететін жайт, кейбір жазбагерлер болыстық басқарманы болыс деп шатастырып жазып жүр. Болыс – лауазымдық шен. Болыстық басқарма – белгілі бір әкімшіліктік аумақ. Мұны Түркістан өлкесінің уақытша генерал-губернаторы Ерофеевтің 1915 жылы ІІ-Николай патшаға жазған хатындағы үзіндіден анық түсінуге болады. «...У каждого уезда есть несколько волостные управления. Волостными управлениями правят волостные управители. Ныне казахи их называют – волосами...»). Іле-шала Шымкенттің іргесіндегі Көмешбұлақта, Сайрамда, Арыс теміржол торабында, Келесте, Черняевкада және Шымкент пен Әулиеата қалаларында, Меркі, Түлкібас, Құлан өңірлерінде жарлыққа қарсы шыққандар дүрк көтерілді. Тамыздың ортасына таман Сайрамда 200-дей, Түлкібаста Сыдық деген кісі бастаған 150-дей, Арыста Мұсабек батырдың ұрпағы Ерсінбай старшын басқарған 300-ге тарта жігіттер жиналап, жергілікті приставтар мен городовой-стражниктердің бірлескен отрядтарымен қақтығысқа түседі. Бұлар қарулары нашар болғандарына қарамастан, өздеріне қарсы келген әскери топтарды таптап өтіп, көбісіне өлім құштырады, аман қалғандарын Шымкентке қарай ығыстырып тастайды...
       Иә, қазақ тарихында ашылмай жатқан сырлар көп. Сондай сырлардың қатарына біз әңгіме етіп отырған кезеңдегі Оңтүстік Қазақстандағы ахуал мен сол жылдары бүкіл өлкеде белең алған көтерілістер де жатады. Оған қоса, сол көтерілістерді басқарған халық көсемдерінің де іс-әрекеттері әлі күнге дейін жалпы жұрт жадынан тыс қалуда. Кешегі кеңес кезіндегі және одан арғы орыстық отаршылдық идеология біздің санамызға қазақтың өткен замандардағы қаһармандарының бәрін жауыз етіп сіңдіргені сондай, біз осы уақытқа дейін бұрынғы ғасырлардағы халықтық тұлғалардың шын болмыстарына үңіліп, танып-білуге енжарлық танытып келе жатырмыз. Әсіресе «болыс» деген атаудың, болыс болған кісілердің тек жаман қасиеттерін тізбелеген кеңестік әдебиет – бізге болыс атаулыны тек өз халқын қанаған, дүние-атақ үшін патшаға шексіз беріліп қызмет еткен тұрпайы тұлға тұрғысында танытты. Әлбетте, мансап үшін халқын сатқан болыстардың да көп болғаны ақиқат, бірақ бәрі бірдей емес. Мәселен, осы мақалада ерлігі мен атқарған еңбегі басқалардан көбірек айтылатын, 1916 жылы Оңтүстікте өткен ең ірі ұлттық-азаттық көтерілісті басқарған болыс Мошқал Тоқтамысұлы елі үшін жанын да, малын да, қызметін де аямаған кісі болған. Оған мұрағаттық деректер де, көнеден қалған ауыз әңгімелер де куә. Мошқалдың мұндай әрекеттерін біз осы мақаламыздың барысында рет-ретімен жазбалаудан бұрын оның өмірбаянынан қысқаша деректер келтіре кетейік.
       Ол Оңтүстік қазақстан өңірі Қоқан хандығының қол астына қарап тұрған шақта, нақтысы, 1854 жылы Шымқала хәкімдігіне қарасты Келес-Шыршық датқалығының Ұясу ауылында туылған. Бала шағынан Қоқан басқыншыларының елге жасаған зәбірін көріп өскен ол, есейе келе, өзгелердің қазаққа жасаған зорлығына жаны күйініп, өз халқын бостандыққа жеткізетін жолдарды іздей бастайды. Бірақ сол дәуірде басынан бақ тайып, бірлігі ыдыраған, оның үстіне Қоқанды қиратып, оның орнын басқан орыс отаршылдығының бодандық бұғауына түскен қазақтың саяси ахуалы Мошқалдың арманына мықтап тұсау салады. Енді ол бақытын білімнен іздеп, Тәшкен асады. Ондағы үш жылдық медресені бітірген соң ауылына келіп, балаларға дәріс береді. Біраз жылдардан кейін оқытушылығын тастап, диханшылықпен айналысқанды жөн санайды. Айналасындағы елді де осы кәсіппен айналысуға үндеп, еңбек жолындағы қатарластарын көбейтеді. Айналасы аз жылдың ішінде жеміс-жидектің нешеме түрін өсіреді. Аумағы өте кең тегістіктерге арпа-бидай, тары-ноқат егеді. Оның туған жерінің осындай кәсіппен шұғылдануға мол мүмкіндігі болған соң Мошқал бұл еңбекте зор табыстарға жетеді, елін тойындырады. Тіпті жыл сайын жерден тапқан өнімдерін түйелер мен арбаларға артып, Ташкент, Шымқала сияқты шаһарларға керуен түсіріп, кіре тартады.
       Осындай қажырлы еңбектің арқасында туыстары да, өзі де мол дәулетке кенеледі. 1898 жылы оңтүстік өңірде алапат жұт болады. Сонда Мошқал ағайындары мен өз қолындағы малдың және қамбадағы астығының бәрін ашыққан жұртқа таратады. «Ел аман болсын. Ел аман болса, дәулет деген не, тәйірі. Бәріміз жабылып, екі жыл жер тырмаласақ, кеткеннің орнын қайта толтырамыз», – депті ол сол кезде «Мұныңыз қалай?», – деген базбір тоғышарларға. Расында жұттан кейінгі екі жылда тағы да көп еңбектеніп, бұрынғы дәулетін қайта толықтыра алмаса да, біраз шыр жинап алады. Алайда барша қазаққа қалайда жақсылық іс істеуді әркез ойынан шығармаған ол, енді кішкене де болса бір лауазымды шенге жетуді мақсаттайды. Мұндай мақсатының орайы оған тез келеді. Мошқал тұратын өлке Сырдария облысының Ташкент уезіне қарасты «Кіші Жетісу» болыстығына қарайтын. 1900 жылы болыстыққа кезекті сайлау өтеді. Мошқал сайлауға түседі. Ол кезде қалыптасқан тәртіп бойынша, көп үміткерлер облыс, уезд шенеуніктеріне пара беріп, болыстыққа сайланады екен. Мошқал бір малын шығын қылмай, шар тастауда көпшіліктің қолдауымен бірден болыс сайланады. Ол кейінгі сайлауларда да қатарынан жеңіске жетіп, осы лауазымды кеңес өкіметі орнағанша атқарады.
       Тарихтан белгілі, орыс отаршылдары Х1Х ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ішкі Ресейден славян тектес мұжықтарды Оңтүстік Қазақстан жеріне көптеп көшіре бастағаны. Міне, осы кезеңде Мошқал өзінің қазақтың шын қаһарманы екенін алғаш көрсетеді. Жауланған өлкенің әскери һәм билеуші табына сүйенген қарашекпен ауғындылар келе салысымен-ақ қазақ-тың шұрайлы жерлерін тартып алып, қоныстануды әдетке айналдырады. Сондай қарашекпен ауғындылардың алғашқы легі Келес, Қазығұрт аймағына 1889 жылы келеді. Олар ә дегенде-ақ Мошқалдың туыстары және басқа қазақтар жайлаған табиғаты көркем, сулы да нулы «Кіші Жетісу» жерін иемденуге ұмтылады. Сол кезде отыз бес жастағы Мошқал Қазығұрт етегіндегі елдердің биі Естемеспен бірігіп, тау алабындағы қоныстарға бірді-бір қарашекпендіні жібермеу үшін күреске түседі. Қазақтың кіл мықты жігіттерінен қол жинап, келімсектерді Келестің шығыс бетіндегі кең алапқа аттап бастырмайды. Кейін болыс болған кездерінде де осынау ұстанымынан айнымайды. Осы себепті ауғындылар Келестің орта тұсындағы Шарапхана мен Шұқырбекетке (қазіргі Қазығұрт кенті), одан төмен жазықтағы өздері орнатқан Степное селосына ғана орныға алады. Бұл күрестің өзі де көлемді бір шығармаға арқау боларлық тақырып болғандықтан, бұған көп тоқталмай-ақ оның ақиқат дерек екенін мынадай дәлелдермен көрсете салайық. Мошқал басқарған «Кіші Жетісу» болыстығының территориясында бірді-бір орыс ауылы, одан қалса, орысша атаумен аталған ешқандай ауыл болмаған. (Кешегі кеңес кезінде «Кіші Жетісу» жерінде Ленин ауданына қарайтын көлемі жағынан ең үлкен бір кеңшар, екі колхоз отырды).
       Бала кезіндегі Қоқанның, кейін орыс отаршылдарының қазаққа көрсеткен қиянаты бойына өшпестей кек болып қатқан Мошқалға 1916 жылғы дүрбелең кезең зорлықшы келімсектерден өш алатын уақыттай көрінде ме, әлде, ел басына күн туғанда өзіне біткен батырлық пен намысшылдық қасиеті халқына көсем болуға итермеледі ме, ол жағы белгісіз, әйтеуір, қалай дегенмен де, ол оңтүстік өңірде аталмыш көтерілісті бастаған алғашқы топбасшы әрі қаһарман болды. Патшаның 25 маусымдағы жарлығынан кейін облыс басшысы Гродеков Ташкент уезінің бастығы Ефремовқа майданға алынатын жігіттердің саны бір ай ішінде тізімге қатталып, қыркүйектің 5-сі күні олардың алғашқы легін Ташкенттегі вокзалдан аттандыруды бұйырған. Уездегі сегіз болыстықтан он үш мың жігіт алынуы керек-ті. Осынау жарлыққа қарсы жер-жерде көтеріліп жатқан наразылықты естіген және де оған жан-тәнімен қарсы боп жүрген «Кіші Жетісу» болысы Мошқал өзіне қарасты ауылдардан батыс майдан үшін жігіт жинауға келіспей, Ұясу, Жаңабазар, Шарбұлақ, Қақпақ ауылдарының старшындарын ақ патша жарлығына мойынсұнбауға шақырды. Төрт жүздей жігітті толық қаруландырып, жасақ құрған Мошқал патша әскері шоғырланып тұрған Ташкентке шаппай, алдымен ішкі жақтағы шоғыр-шоғыр орыс отрядтарын құртуды ойлап, Шымкентке келеді. Ташкент мұрағатындағы дерек бойынша, ол кезде уезд орталығы саналатын Шымкентте бір рота жаяу әскер, бір атты жүздік, екі зеңбірек және екі пулеметі бар 20 адамдық арнайы атқыштар командасы болған. Тағы сол архивтегі дерекке қарасақ, тамыздың 19-ы күні Шымкентке жеткен Мошқал қолына жүз қаралы кісіні басқарған Әлнұр Қожаназаров пен Аманбай Қостаев деген жігіттер қосылады. Олар алдымен вокзал маңындағы телеграф үйін өртеп, күл-талқанын шығарады. Дәл сол кезде Бадам, Қаракөл болыстықтарынан 200 адам келіп, көтерілісшілердің қатарын толықтырады. Бәрі бірігіп, ылғи өзбектер тұратын орамның шығыс жағында орналасқан уезд бастығы мен қала приставы отыратын кеңсені қоршайды.
       Ол уақытта Шымкент гарнизоны осы күнгі ескі автовокзалдың маңында екен. Қарақұрым халықтан жаны қалмаған уезд бастығы өзін қарулы төрт полицейге қоршатып, атына міне сап, гарнизонға қарай қашады. Ол қашқан соң көтерілісшілер кеңсеге кіріп, ондағы қызметкерлерді тырдай жалаңаш қылып көшеге шығарады да, әбден сабайды. Одан соң кеңседегі үстелдер мен қағаздарды өртейді. Жиналған топ осылайша кеңсенің астаң-кестеңін шығарып жатқанда уезд бастығы ертіп келген жандармдар оларды мылтық, пулеметтерімен атқылап, кейін шегіндіреді. Кеңсе алдында 16 өлік, 31 жаралы қалады. Шегінгендер «Бәрімізді қырып тастасаңдар да, бір де бір жігіт майдандағы қара жұмысқа бармайды» деп айқайлап, үй-үйдің арасына кіріп жасырынады да, уезд горнизонымен бес сағат бойы шайқасады. Түн түскенде көтерілісшілердің топ басшылары «ауылдарымыздан және қосымша күш жиып, бес күннен кейін тағы осында жиналайық» деп уағдаласып, мекендеріне қайтады. Оңтүстікте алғаш рет ұлт-азаттық көтеріліс осылайша басталады.
       Сол күннің ертесіне, яғни тамыздың 20-сы күні Шымкент уезінің бастығы Тризна генарал-губернатор Куропаткинде жіберген телеграммасында «Шымкентте де сұмдық оқиға орын алды. Мошқал деген бұзақы болыс пен үш-төрт қарақшы қазақ бастаған 700 қаралы есуас топ уездік кеңсені өртеді, телеграф орталығын талқандады. Қайдан алғандары белгісіз, өзбектердің пәс үйлерінің тасасына тығылған есерсоқ топтың кейбіреулерінде мылтық бар екен. Біздің әскермен кеш түскенше атысты. Горни-зонның 16 солдаты өліп, 17-сі жараланды. Шұғыл түрде қосымша күш жібермесеңіз, жағдайымыздың тұйыққа тірелер түрі бар. Бұл хабарды сізге кеше бұзақы топ талқандаған телеграф орталығын түнімен қайта жөндеуден өткізген соң жолдап отырмын» деп хабарлайды («Восстание в Туркестане», Сб. 1. Ташкент, 1962).
       Бір күннен соң өз болыстығының орталығы Шарбұлақ ауылына жеткен Мошқал Ташкентте де халық бас көтеріп, соғысқа дайындалып жатыр екен деген хабарды есітіп, қарамағындағы сарбаздарымен сонда баруды жоспарлайды. Бірақ ол жаққа көбірек қолмен баруды көксеген ол, көтеріліске дабыл қағып, ауыл-ауылдарға кісі шаптырады. Төрт күннің ішінде оның маңайына үш мыңдай еріктілер жиналады. Мошқалдың мол қол жинап Ташкентке аттанатынын Тұрбаттағы бір-екі жансыздар дереу уезд бастығы Ефремовқа жеткізеді. Ефремов Мошқал мен оған ергендерді жазалмақ болып, Черняевкадан 60 солдат ертіп, Шарбұлаққа аттанады. Орыс әскерінің өзін шабуға келе жатқанын естіген Мошқал 3000 жігіттік қолды бастап, отрядты Келес бойындағы Степное селосы маңында күтіп алады.
       1962 жылы Ташкентте шыққан «1916 жылғы көтеріліс» атты жинақтың мәліметінше, Ефремов сол сапарда қорқақтық танытқан. Өзеннің арғы бетінде тұрған құжынаған қазақтардың қолын көргенде рота командирі поручик Токаревке «Қазақтардың бетін өзің қайтар» деп, оған 40 қарулы солдатты қалдырып, кері қайтып кетеді. Оның артынан Токарев те қазақтарға бір оқ атпай, кейін шегінеді. Есесіне, Степное селосының орыс тұрғындары терезелерінен Мошқал тобына оқ атып, бес-алты кісіні өлтіреді. Қаһарланған қазақтар селоға лап қойып, қырық үйлі мұжықтарды жайпап салады. Олардың ішінде Ефремовқа тыңшылық жасаған үш-төрт қазақ-өзбек бар екен. Оларды Келеске батырып, өліктерін суға ағызып жібереді.
       Осы жеңістеріне масаттанған Мошқал қолы 1 қыркүйек күні былтыр ғана Шыршықтың арғы жағындағы Жаңабазардан Черняевкаға қоныс аударған уезд орталығына аттанады. Бұдан құлақтанған Ефремов Ташкенттен шұғыл көмек шақыртады. Бұл уақытта Ташкентте генерал-губернатордың жеке құзырына қарасты 500 адамдық отрядтан басқа әскер жоқ-ты. 29 тамыз күні шаһар алаңына наразылық шеруіне шыққан сегіз мың тұрғынға оқ атып, талайын қырып салған 3200 адамдық жеке құрам екі күн бұрын Жызақ пен Ферғана аймағындағы көтерілісшілерді басып-жаншуға аттандырылған еді. Көтерілісшілер Черняевканы алса, Ташкентке шын қауіп төнетінін сезген Куропаткин өз отрядынан 200 адамды бөліп, сол түні Ефремовқа көмекке жібереді. Олар Ефремовқа қосылғанша Мошқал қолы уезд орталығына келіп үлгереді. Қарулары осал болса да, жер-дүниені таптап кетерліктей қарқынмен келе жатқан қазақтардың 3000 қолынан зәресі ұшқан Ефремов бір оқ атуға шамасы келмей, Ташкентке қашады. Қазақтар оларды өкшелеп қуып, талайын жер жастандырады. Ефремов ауыр жараланып, ат тұяғының астында қалады. Тірі қалған уезд әскерлері Салар суының үстіндегі қышкөпірден өтіп, қорғануға кіріседі. Осы кезде Ташкенттен оларға көмекке аттанған отряд та жетеді. Сөйтіп өзеннің екі бетіне шеп құрған екі жақ түн түскенше атысады.
       Ертесіне өзеннің арғы бетіне бекінген жаудың қарулары мықты екенін, тіке шапса, бекерге қырылып қалатынын білген қазақ қолы кешегі өлген, жараланған солдаттардың талай мылтықтары мен оқ-дәрілерін олжалайды. Уезд кеңсесін өртеп, қолға түскен орыс сарбаздарын өлімші етіп таяқтап, кері шегінеді.
       Қыркүйектің 5-і күні патшаның арнайы бұйрығымен Түркістандағы толқуды басу үшін Орынбордан шыққан 16 зеңбірек, 23 пулеметпен жасақталған 3000 солдаттық арнайы полк Ташкентке жетеді. Куропаткин оларды бөліп, майданның әр тұсына жібереді. Бес күн өткен соң орынборлық солдаттарға Ташкенттегі прапорщиктер дайындайтын мектептің курсанттары қосылған 10 зеңбіректі, 12 пулеметті үш мыңдық қол Шымкент тарапты бетке алады. Қаһарлы қарулары бар отряд алдымен Ташкент уезіндегі бас көтерген қазақтарды жазаламақ болып, бірінші Тұрбатқа таяйды. Мошқал бұл жолы жеті мың жігіт жиып, жазалаушы әскерді күтеді. 12 қыркүйек күні түс ауа екі қол Тұрбат пен Алексеевканың (Ленинск) тура ортасындағы Шарбұлақ қырының үстінде кездеседі. Тек шоқпар-сойылдармен, тек ішінара олжаға түскен орыс винтовкаларымен, құс ататын шиті мылтықтармен қаруланған қайран ержүрек қазақтар, осы жолы отты қарулардың қандай құдіретті екендіктеріне көз жеткізеді.
       Ұрыс алдында Мошқал жігіттерді былай деп қайрайды: «Бәріміз жаудың бетін қайтару үшін, құрту үшін жиналдық. Енді оттас ататын зеңбіректен қорқып, жүрегіміз суламасын. Орыстардың зеңбіректері бір атар ғана. Оларын екінші оқтап үлгергенше біз тіке шауып, шетінен кескілеп тастаймыз. Ал, жұртым, қорқып, үркуші болмаңдар! Бәрімізді әруақ, құдай қолдасын!»
       Ташкент отряды қазақтардың қарасын көрген мезетте-ақ, қыр үстінде шапшаң түрде шеп құрып, отты қаруларын дайындыққа келтіреді. Мошқал қолын үшке бөліп, сарбаздарына жауға бір мезетте шабуылдауды пәрмендейді. Сірә, ол қарсы жақ зеңбіректерін ана жақ, мына жаққа бұрғанша сарбаздар дұшпанның шебіне жетіп, қолма-қол айқасқа ілініп қалады деп ойласа керек. Алайда жазалаушы топтың басшысы оның бұл ойын аңғарып, зеңбіректерін үш жаққа қарата орнатады. Осыны байқаса да, қазақтар бір мезетте үш жақтан лап қояды. Қыр басынан үш мың мылтық, оған қоса, 12 пулемет, 10 зеңбірек бірдей оқ атады. Жүйрік аттарының бар екпінімен шапқан қазақтардың орталарына оттастар дөп түскенде талай жігіттердің денелері құмдай шашылып, қырылып қалады. Қазақтар сонда да жанкештілікке басып, алға ұмтылады. Зеңбіректер бір сәт атуын тоқтатқанымен, сақылдаған пулеметтердің, нысанасын дәл көздеген үш мың мылтықтың оқтарынан шептегілер орылған шөптей қиылып түседі.
       Алғашқы шабуылда көп қырғынға ұшыраған көтерілісшілер артқа шегініп, Шарбұлақ суының жағасына жиналады да, біраз демалыстан соң қайта шабуылға шығады. Бұл жолы да қолдары орыстардың жағасына жете алмайды. Кеуделерін намыс буған қазақтар үшінші рет алға жөңкиді. Тағы да сәтсіздікке ұшырайды. Осылайша, алты рет шабуылға шығып, қатарлары қатты ойсыраған Мошқал қолы еңістегі тегісте кеңес құрып тұрғандарында жазалаушы отряд орындарынан бірден көтеріліп, мылтық-пулеметтерімен оқ бората қазақтарға шабады. Осы жерде де талайы оққа ұшқан көтерілісшілер Тұрбатқа қарай шегінеді. Бірақ жау бәрін қырып тастағанша дамыл таппайтындай сыңаймен өкшелеп қалмайды. Тұрбатқа жете бергенде Мошқалдың атына оқ тиіп, өзі жараланады. Бірге еріп келе жатқан серіктері көтеріп, басқа атқа мінгізеді де, бәрі Ысмайыл ата мазарына барып паналайды. Мазар маңына жеткенде аман қалғандарын Ысмайыл әулиенің әруағы қорғады ма, кім білсін, күн батып, ымырт үйіріледі. Осы мезет арттағы жау да тынышталады.
       Жазалаушы отряд одан кейін ауыл-ауылдарды шауып, басшы кісілерді атады, қостаушыларды дарға асады. Бұған қатты назаланған Мошқалдың досы Нұржан болыс жүрек талмасына ұшырап, қайтыс болады. Мошқал, Ағабек болыстар, Естемес, Бектібай билер Өгем тауына барып жасырынады.
       «Кіші Жетісуды» жайпаған сол жазалаушы отряд осыдан соң бір ай ішінде Шымкент пен Бадамдағы, Арыс пен Түркістандағы және басқа жерлердегі көтерілістерді басып-жаншиды. Бүкіл Сырдария өлкесін қанға бөктіріп, үш мыңнан аса адамды қырып салады. Бұған қоса, облыс көлемінен 107 кісіні ату жазасына кесіп, 72 кісіні дарға асады. 312 адамды каторгаға айдайды. Сонымен бірге аз да болса дегендеріне жетіп, Сырдариядан алты мыңдай жігітті қазан-қараша айларында батыс майдандағы қара жұмысқа аттандырады. Осылайша, 1916 жылғы бүкіл Қазақстан мен Орта Азияны шарпыған дүмпу біздің өңірді де қамтып, сан мыңдаған адамдардың бастарына зұлмат пен зобалаң туды. Бұл зобалаңда Сырдария облысындағы сегіз уезге қарасты 146 болыстықтың 114-інің азаматтар атқа қонса, Жетісу облысындағы 130 болыстықтың 102-і шайқасқа қатысты. Екі облыстан 30 мыңға таяу қазақ қырылды, 40 мыңдай қазақ жат жерге ауды. Сол зұлмат ары қарай да жалғаса берер ме еді, егер Петерборда ақпан төңкерісі жасалып, патша ұлықтары өз бастарымен өздері әуре болып кетпегенде.
       Өгемнің кездейсоқ адамның аяғы баспайтын жыңғылды шатқалдарына барып, жазауашы отрядтың қанды шеңгелінен құтылған Мошқал болыс Шарбұлақтағы жеңілісінен кейін сегіз ай бойы жан адаммен сөйлеспей, қатты уайым шегіпті. Санасын қандай ойлар қармап, нендей сұрақтар мазалағанын нақты білмесек те, бәлкім діттеген арманына қол жеткізе алмағынына іштей құса боп, азапты естеліктермен алысып, өмірден баз кешердей күйге түскен шығар. Бәлкім соңына ерген серіктерінің талайсыз ажалдарына өзін кінәлаған қатты күйзелістен жүйкесіне салмақ түскен болар. Иә, біз бәлкім, бәлкім деген жорамалдардан аса алмаймыз. Сонда да, соңғы өсиеті ел есінде. 1917 жылы жазға салым тура 63 жасында мына өмірден өтер шағында қайта сөйлеп, туыстары мен балаларына: «Батар күнім таяды. Жұрт мені бай-бақуат, елді айтқанына өргізіп, жусатты, арманы жоқ кісі дер. Бірақ мен арманның үлкені түгіл кішісіне де қол жеткізе алмай, қасірет шеккен адаммын. Сүйегімді Ысмайыл атаның мазарына апарып жерлеңдер» депті.
       Мошқал атамыздың қасіреті – қазақтың азаттығы жайындағы ойы шығар. Оған өзі жетпесе де, біз жеттік. Иә, өзі мойындамай кетсе де, біз мойындаймыз – ол еңбекшіл де, ойшыл да, бай-бағлан да, атақты да болды. Сөйте тұра, кейбір мешкей замандастары сияқты ел басына қасірет төнген кезде бас пайдасын ойлап, жасқанып қалмады. Атойлап атқа қонды, ұрандап қол бастады. Жеңілісіне кінә жоқ. Тар заманда қол бастаған қаһарман жеңіліс тапса да, ісі келер ұрпаққа ұлы өнеге. Мошқал Тоқтамысұлы соңына осындай өнеге қалдырды.
       Мошқалдың – Балташ, Балғабай, Айтбай, Бөрте, Мәулен, Тағай, Үсіп-бай сияқты жеті ұлы болған. Бұлардың бәрі әкелерімен бірге жоғарыдағы көтеріліске қатысқан. 1928 жылы байларды тәркілеу науқанында бұлардың малдары болмаса да, байдың тұқымы ретінде шетінен қудалануға ұшырады. Кінәсіз сотталғандары да болды. Қалғандарының бірі – Қырғызстанға, бірі – Өзбекстанға асты. Мошқал қаншалықты дәулетті болса да, балаларын жұрт қатарлы жұмыс атқарып, еңбек етуге үйретіпті. Кеңестік солақай саясаттың кесірінен Мошқал балаларының бастарына қаралы күндер түссе де, мүжіліп кетпей, бәрі еңбекке қабілеттіліктерінің һәм икемділіктерінің арқасында ел қатарынан қалмаған. Мәулен атты баласы кеңестік колхозда үздік жылқышы атанған. Ал Айтбай Жаңа Шыназ колхозында диханшы болып, екеуі де Қызыл Ту және Ленин ордендерімен наградталған. Үлкен ұлы Балташтың немересі Бәкір Ахметұлы өмір бойы кеңес, партия ұйымдарында басшылық жасады, 18 жыл Созақ аудандық парткомының бірінші хатшысы лауазымын атқарды. Тағайдан туылған Жаппар Сарыағаш ауданы көлемінде бірнеше колхоздарды басқарды. Одан туылған Батырбек ғылым кандидаты. Қызы Гүлмира Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы қызметтерінде болды. Мәуленнің немересі Әлмахан облыс көлеміне белгілі кәсіпкер, Сарыағаш аудандық мәслихаттың депутаты.
       Иә, тізе берсек, текті атаның жолымен келе жатқан үлгілі ұрпақтың тізімі жалғаса береді. Бәрінің бастауында бір кездегі батыр тұлғалы, кесек жүректі, қаһарман Мошқал ата тұр...



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу